Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Ұлттық экономика вице-министрі Қазақстанның AREVA үлесін сатып алу бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанынан хабары барын айтты

AstanaTV
11.10.2016ж. 20:00
2682
Ұлттық экономика вице-министрі Қазақстанның AREVA үлесін сатып алу бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанынан хабары барын айтты

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы француздың атом энергетикасына қондырғылар шығарумен айналысатын алпауыт компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов "Астана" телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында осындай екіұшты жауап берді. Ал Ұлттық компания үлесті сатып алатыны рас па, деген сұраққа вице-министр нақты жауап қатпады.

Марат Құсайынов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

«Қазатомөнеркәсіп» «Самұрық-Қазынаның» құрамында. «Самұрық-Қазына» - ұлттық холдинг. Осы сұрақты соларға қойыңдар. Келіссөздердің жүріп жатқанын мен білемін. Бірақ оларды мен жүргізіп жатқам жоқ, сондықтан қанша ақша бөлінетінен хабарсызбын.

Қазақстанның Аревадан үлес сатып алатыны туралы Франция өндіріс министрлігіне сілтеме жасап, Рейтерс хабарлады. Areva - атом энергетикасына қондырғылар шығарумен айналысатын әлемдік ірі компания. Сондықтан одан үлес сатып алу үшін бірталай қаржы керектігі сөзсіз. Марат Құсайынов Балхаш жылу электр станциясындағы кәрістердің үлесін Қазақстан қандай қаржыға сатып алады деген сұрақтан да хабарсыз болып шықты.

Марат Құсайынов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

Қыздар, құзырлы орган бар. Әркім өз саласында. Балхаш жылу электр станциясы энергетика министрлігіне қарайды. Самсунг компаниясымен келіссөздерді энергетика министрлігі жүргізіп жатыр. Солар бәрін біледі. Әзірге бюджеттен ақша қарастырылмайды. Мен бұл сұрақтарға жауап беруге құзырлы емеспін. 

Естеріңізге сала кетсек, Балқаш жылу электр станциясының құрылысын «Самұрық-Энерго» АҚ «Samsung Engineering Co Ltd» және «Samsung C&T Corporation» Корея консорциумымен бірлесіп жүзеге асыратын болды. Электр станциясының бірінші блогы 2017 жылдың желтоқсанында, екіншісі 2018 сәуірінде іске қосылу керек болған. Алайда «Балқаш жылу электр станциясы» кәріс фирмалары тарапынан келісімшартты бұзу туралы екі ескерту алды. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ