Мұнай
бағасы көтеріліп, биылғы рекордтық көрсеткішке жетті. Қазір бір барельдің құны
53 АҚШ долларын құрады. Мұны британдық БАҚ өкілдері Ресей президентінің
мұнайды шектеу туралы мәлімдемесімен байланыстырып отыр. Ал биылдан бастап
Қашағаннан мұнай өндіруді жоспарлап отырған Қазақстан қайтпек? Үкімет мұнай
өндірісін шектей ме? Энергетика министрінің жауабын Дәуренбек Бағдәулет біліп
келді.
Энергетика
нарығында, уақытша болса да, өсім пайда бола бастады. Бүгін мұнай бағасы Ресей
президентінің сөзінен кейін бірден 3% қымбаттап, нәтижесінде «Brent» маркалы
мұнай бағасы бір барреліне 53 АҚШ долларын құрап отыр. Мұндай баға соңғы рет
былтыр қазан айында болған еді. Сарапшылар мұны Путиннің сөзімен тікелей байланысты дейді.
Владимир
Путин, РФ президенті:
Біз
ОПЕК-тің мұнай өндірісіне лимит орнату турасындағы бастамасын толық
қолдаймыз. Және қараша айындағы ұйымға
мүше елдердің кезекті отырысында нақты
келісімдерге ұласып, инвесторлар нарығына нақты нәтиже береді деп күтеміз.
Владимир
Путин Стамбулдағы энергетика форумы барысында мұнайды оңды-солды өндіру
болашақта тапшылыққа ұшыратуы мүмкін екенін айтып, бұдан құтылудың жолы - мұнай
өндірісін "қатыру" деген еді. Алжирде өткен ОПЕК жиынында, ұйымға
мүше елдердің өкілдері мұнай өндірісін тәулігіне 700 000 баррельге дейін
азайтуға келіскен. Ал Қазақстан биыл мұнай өндірісін 74-тен 75 миллион тоннаға
дейін арттыруды жоспарлаған. Қашағаннан мұнай алуды жоспарлап отырған үкімет
үшін өндірісті азайту тиімсіздеу болуы мүмкін.
Қанат
Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
Біз
алдымен Қашағанды іске қосайық, бұл мәселені содан кейін сөз етеміз. Осыдан
жарты жыл бұрын Дохаға барған кезде Ресей тарапымен осы жылдың соңына дейін
шектеуді осы қалыпта қалдыру туралы
ынтымақтастық келісімге келген едік. Енді сөз биылғы жылғы шектеу
турасында болып тұр. Сондықтан Қашағанды іске қоспағанша, біз өз пікірімізді
білдірмейміз.
Әлемдік
энергетика нарығында тағы бір өзгеріс. Мәскеу мен Анкара екі жылға созылған
күрделі келіссөздерден кейін газ құбырын салу турасындағы келісімге қол қойды.
Қара теңіз арқылы өтетін құбыр қуаты 15 млрд 750 млн текше метрді құрайды.
Біріншісі Түрік еліне көгілдір отынды тасымалдауға қолданылса, екіншісі тікелей
осы ел арқылы Еуропа елдеріне көгілдір отын шығаруды көздеген. Қос құбырды 2019
жылдың желтоқсан айында іске қосу көзделіп отыр.
Дәуренбек БАҒДАУЛЕТ