$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Кейкі батырдың бас сүйегі Венгрияға жөнелтіледі

AstanaTV
11.10.2016ж. 20:00
4116
Кейкі батырдың бас сүйегі Венгрияға жөнелтіледі

Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен Кейкі батырдың бет-бейнесін венгриялық ғалымдар анықтайтын болады. Ол жұмыстар 3 ай ішінде аяқталуы мүмкін. Бұл туралы Алматыдағы Орталық мұражай директоры айтты. Ертең Кейкі батырдың бас сүйегі Венгрияға жөнелтілмек. Өйткені батырдың суреті жоқ. Сондықтан антропологиялық скульптуралық бюсті жасалады. Батыр бабаның бас сүйегін әріптесім Айгүл Ермахан көріп қайтты.

Айгүл Ермахан, тілші:

Қазақ елінің тұтастығы үшін күрескен Кейкі батырдың бас сүйегі қазір Алматыдағы Орталық мұражайда тұр. Оны екінің бірі көре алмайды. Қорапқа салынған сүйек айналасына бидай себіліп, басына шырақ қойылған. Ертең бұл қорапты мұражай директоры антропология ғылымы жақсы дамыған Венгрия еліне алып кетеді. Құнды жәдігерді жеткізуде қауіпсіздік шаралары жіті сақталмақ.

Бейбітқали Қақабаев, Орталық мұражай басшысының орынбасары:

Қол жүгі ретінде алып барады. Арнайы контейнерге, пломба салынады. Ондай халықаралық тәжірибе бар. Алдында Әбілқайыр ханның бас сүйегін қалпына келтіруді венгр ғалымдары істеді. Себебі бізде олардағыдай  антропологиялық мектеп жоқ.

Сүйек батырға тиесілі екені анық. Венгрияға жөнелтудегі мақсат - батырдың бет-бейнесін анықтау. Кейкі батыр Торғай жерінде қол бастап, қызыл әскер қолынан айуандықпен өлтірілген. Оның іздерін бас-сүйектен-ақ көруге болады,-  дейді мұражай ұжымы.

Бейбітқали Қақабаев, орталық мұражай басшысының орынбасары:

Басын кетпенмен шауып өлтірілген ғой. Қара құсының тұсында, шықшытында кетпеннің іздері опырылғаны бар. Астыңғы жақ сүйегі  жартысы бар, жартысы жоқ. Бұның барлығы бас сүйекті жару, ұру іздері көрініп тұр.

Айта кетейік, батырдың бас сүйегін елге қайтару мәселесі Қазақстан мен Ресей үкімет басшыларының кездесуінде көтеріліп, шешілген еді. 6 қазан күні елге жетті. Тарихшылар Кунсткамерада тағы бірнеше батырдың бас сүйегі жатыр дегенді жоққа шығармайды. Кейкі батырдың мәселесі оң шешімін тапқан тұңғыш жағдай болып отыр. 

Айгүл ЕРМАХАН