Бар дүниені көруге ерінеміз. Біздің тілшіміз Олжас Нұржақып Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайының қорына барған.1254 экспонат сақталған мұражай залы жеті тармаққа бөлінген. Әрқайсысы әр кезеңге жіктеліп, сол заманның өнер майталмандары ұстаған аспаптар қойылған. 8-10 ғасырларға тиесілі сырнай, уілдек, сыбызғы сынды ұмыт болған аспаптар да бар. Ерекше әсер еткені, дейді әріптесім, қазақ тарихындағы алтын ғасыр жыршыларының, күйшілері мен әншілерінің қолы тиген қара домбыра! 15-ке жуық домбыра кескіні бір-біріне мүлде ұқсамайды. Шанағының пішіні әр түрлі. Мысалыға Құрманғазының домбырасын алайық. Мұнда тек көшірмесі. Ал түпнұсқасы Астрахань облысындағы Құрманғазы атындағы орталықта сақтаулы. Көшірме болса да, жалғыз. Ал шанағы қалақ тәрізді істелген мына домбыра Ақан серіге тиесілі. Сері домбырасын мұражай қорына жазушы Сәкен Жүнісовтың қызы былтыр тапсырған екен.
Рүстем ҚАЙРАТҰЛЫ, ЫҚЫЛАС АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚ МУЗЫКАЛЫҚ АСПАПТАР МҰРАЖАЙЫНЫҢ ҒЫЛЫМ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Ақан серінің домбырасы 19-шы ғасырға тән домбыра. Ақан серінің өмір сүрген уақыттары және осы домбыра Ақан серінің өзі ойнаған, қолына ұстаған домбыра. Домбыраның ерекшелігі нағыз әншіге тән домбыра. Басқа домбыраларға қарағанда шанағы кішілеу. Және де сал серілердің ұстайтын домбырасы. Және қалақ тәрізді тұтас ағаштан шауып жасалған домбыра. Қазіргі таңда Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шықты. Дәл осы бағдарламада қазақтың тарихына қатысты жәдігерлерді толықтай зерттеу, оларға байланысты экспедиция ұйымдастыру деген бөлімдер айтылған. Қазақ музыкасының антологиясын шығару тапсырмалары берілген. Осы бағытта ғылыми жұмыстарды жалғастырып, бағдарламаны қолға ала отырып ары қарай жұмыс атқарсақ деген ойдамыз.
Мұражай қорында қазақ музыкасындағы шертпелі, ұрмалы, ыспалы, шулы аспаптар санатының бәрі бар. Музейлерге барып тұру керек. Бабалар үні естіледі...