Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Маңғыстау облысының екі тұрғыны уланып өлді

AstanaTV
26.11.2018ж. 20:00
3141
Маңғыстау облысының екі тұрғыны уланып өлді

Маңғыстау облысында қандаланы уламақ болғандар тұрғындарға зиянын тигізді. Уыты күшті дәрінің кесірінен 2 жастағы қыз бен 29 жастағы келіншек қайтыс болды. Денсаулығы нашарлаған тағы төрт адам дәрігердің көмегіне жүгінді. Белгілі болғандай, көп қабатты үй тұрғындарының бірі пәтерін қандаладан тазартпақ болып, маман шақыртқан. Бірақ, токсинді зат пәтераралық желдету жолдары арқылы жоғарыдағы үйлерге де тараған. Дегенмен, мамандар: «Тұрғындарға улау жұмыстары жүргізілетіні ескертілді»- дейді.  

Дүйсенбай СӘРСЕНБАЙ, ЖӘБІРЛЕНУШІ: 

Мен, әйелім, келінім мен 6 жастағы немерем, бәріміз кешкі ас ішіп отырғанбыз. Кейін жағдайымыз нашарлап, бәріміз бірдей ауруханадан бір-ақ шықтық. Бірақ, келінімді аман сақтап қала алмады. Немеремнің аман қалғанына шүкір. Ұлым іс-сапарда жүрген жерінен әйелін жерлеуге келіп үлгірді. Бірақ, қандала улайтыны туралы бізді ешкім ескертпеді.

Қазір 60 пәтерлік үй бос тұр, барлық пәтердің терезелері ашылған. Үйді айналдыра сары жолақпен қоршап, өтуге тыйым салыныпты. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл жайтқа кімнің кінәлі екенін тергеу анықтамақ.  

Рашид ҚУАНДЫҚОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ МҰНАЙЛЫ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Қазір тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу басталды. Улау жұмыстарын жүргізген азамат қамауға алынды. Серіктестіктің иесінен жауап алынды. Пәтерін улатқан қожайынның көршілерін ескерткен-ескертпегенін анықтаймыз. Ауа мен судың және тамақтың сынамасын алған дәрігерлер марқұмдардың уланып өлгенін растады.

Е. Карин