Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Астанада кәріз құдығынан мәйіті табылған 13 жасар қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

AstanaTV
26.11.2018ж. 20:00
3425
Астанада кәріз құдығынан мәйіті табылған 13 жасар қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Астанада кәріз құдығынан мәйіті табылған 13 жасар қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық ішкі істер департаменті хабарлады. Осыдан екі күн бұрын әлеуметтік желілерде 9 сынып оқушысы Аружан Маратқызының жоғалып кеткені туралы хабарландырулар шықты. Арада тәулік өткен соң оның мәйіті Қошқарбаев және Өзбекәлі Жәнібек көшесі қиылысында ашық жатқан кәріз құдығынан табылды.  

Диана САПАРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:  

Баланың денесі табылған мына құдық. Коммуналдық қызмет оны қақпақпен жауып үлгерген. Анасының айтуынша, қызының дәл осы жерде екенін сыныптастары ұялы телефонның JPS құрылғысы арқылы анықтаған. Бір қызығы, осы маңда екі бірдей «Сергек» камерасы орнатылған. Полицейлерге бұл да көмектеспесе керек.

Толғанай ОҢДАСЫНҚЫЗЫ, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:  

Бірде-бір камера істемейді ғой баламның жүрген жүрісін қарайық десек. Жолдағы көшедегі камералар. Түні бойы іздедік баламды, түні бойы. Милицияға барған кезімде заявлениямызды алды да сағат екі-үштің кезінде бір-ақ хабарласты ғой. Следовательдер таңертең сағат тоғызда бір-ақ бастады іздеу жұмыстарын. Ешқайсысы көмектескен жоқ қой.

Қазір баланың қазасына қатысты полиция дереу қылмыстық іс қозғады. Әзірге кәріз құдығына жауапты компания анықталып жатқан көрінеді.  

Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Қауіпсіздік шарасына сай келмейтін жұмыстарды атқару немесе қызмет көрсету бабы бойынша осының салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан бабы бойынша қазіргі таңда тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды.

Әкімдік өкілдері де бұған жауапты мекеменің атын атамады. Жыл басталғалы коммуналды қызметтер мыңдаған ашық құдықты анықтапты. Енді бұл қайғылы оқиғадан кейін олар қаладағы 65 мың құдықты күн сайын тексеретін болады.  

Эльвира ЖҮРГЕНБАЕВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:  

Бұл жағдай Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың ерекше бақылауына алынды. Сонымен қатар, барша азаматтарды ашық құдықтарды көрген жағдайда және сол құдық маңында күдікті адамдарды байқаған жағдайды тез арада 109 қызметіне хабарлауын сұраймыз.

Осы айда ашық жатқан кәріз құдықтарына 356 адам шағымданған. Қақпақсыз 1 мың люк анықталыпты. Жұрт оның көбін ұрлап, металл ретінде тапсырады. Енді қала әкімі әр қақпаққа құлып салуды тапсырып отыр.  

Д. Сапарқызы