Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қарағандыда ата-аналардан 47 млн теңге жинап алған балабақша директоры 5 жылға сотталды

AstanaTV
28.11.2018ж. 20:00
2433
Қарағандыда ата-аналардан 47 млн теңге жинап алған балабақша директоры 5 жылға сотталды

Қарағандыда балабақша директоры 5 жылға сотталды. Қалалық Қазыбек би атындағы ауданаралық сот жекеменшік балабақшаға басшылық еткен Анна Богатоваға үкім шығарды. Ол ата-аналардан, 47 млн теңге жинап алған деген күдікпен айыпталған еді. «Балаларыңыз жыл бойы бақшаға тегін барады»-деп қызықтырған соң, қомақты қаржыны қолына ұстатуға ата-аналар да қиналмаған. Сот отырысынан оралған әріптесім Айжан Қуаш тақырыпты толықтырады.  

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

«Балабақшаның жағдайын жақсартамын» деп ата- аналардан ақша жинаған директорға қатысты дау наурыз айында шыққан болатын. Қомақты сомаларын алдымен қарызға беріп, кейін уәделі уақытта қайтарып ала алмаған 20-дан астам адам сотқа арызданды. Ақыры «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалған еді.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, бұл іс 27 эпизодтан тұрады. Ал, жапа шегушілердің шығыны бірнеше жүз мыңнан 2 млн, тіпті 10 млн теңгеге жетіп жығылады. Барлығы бақандай 47 млн теңге. Айыпталушы қарызын қайтармаған. Соманың қомақтылығына байланысты сот Анна Богатованы 5 жылға соттады.  

Арғын ҚҰТЫШЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ ҚАЗЫБЕК БИ АТЫНДАҒЫ АУДАНАРАЛЫҚ СОТТЫҢ СУДЬЯСЫ: 

Сот Богатова Анна Михайловнаны ҚР ҚК 190 бабының 4 бөлімі 2 пунктіне сәйкес кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен бірге, оның 5 жыл мектепке дейінгі балалар тәрбиесіне қатысты коммерциялық және коммерциялық емес мекемелерді басқару құқығы болмайды. Жазасын орташа қауіпсіздіктегі түзету мекемесінде өтейді.

Маусым айынан бері үйқамақта отырған 32 жастағы Анна Богатова сот залынан тұтқындалды. Бізге белгілісі әйелдің 8 және 6 жастағы балалары бар. Сот процесі кезінде күйеуімен ажырасып кеткен. 

Кристина САТЕНКО, ЖАПА ШЕГУШІ: 

Әуелден-ақ біздің мақсатымыз-ақшамызды қайтарып алу емес, оны түрмеге жаптыру болды. Ол бостандықта қалса өз әрекеттерін қайталар еді, басқа біреулер де одан үлгі алып, алаяқтар көбейеді. Сондықтан, біз осындай жағдай қайталанбау үшін оның сотталғанын қаладық.

Дарья ШАХОВА, ЖАПА ШЕГУШІ: 

Шығын көлемі өте үлкен. Жапа шегушілер 50 млн теңгеге жуық ақшаларынан айырылып отыр. «Богатова оны қайтарады» дегенге сенбеймін. Әрине, қайтарса қуанар едік. Тек балаларын аяймыз. Бірақ оларға күйеуі мен әжесі алаяқтан да жақсы қарайды деп сенемін.

Анна Богатованың Қарағандыда 3 балабақшасы, мектеп оқушыларына арналған даярлық тобы болған. 5 жыл бойы жұмыс істеген жекеменшік мекемелерде 250-ден астам бүлдіршін тәрбие алған. Қазір олар жабық. Тергеу әйелдің жалға алған ғимараттарға көк тиын төлемегенін анықтапты.     

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

Судья Анна Богатованың 2 баласы әкесінің тәрбиесіне өтетінін айтты. Ал, сот үкімі 15 тәуліктен кейін күшіне енеді.

А. Қуаш