Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

«KEGOC» компаниясының қызметкерлері арасында спартакиада өтті

AstanaTV
29.11.2018ж. 20:00
3359
«KEGOC» компаниясының қызметкерлері арасында спартакиада өтті

Тобыл өңірінде «KEGOC» компаниясының қызметкерлері арасында жыл сайын өтетін спартакиада жалауын көтерді. Екі күнге ұласатын жарысқа аймақтардан келген 11 команда қатысып жатыр. Олар спорттың 5 түрінен күш сынасады. Тəуелсіздік күні мен энергетиктердің төл мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған спорттық шара Рудный шаһарында осымен екінші рет өтіп отыр.  

Спорттық доданың салтанатты ашылуына «KEGOC» акционерлік қоғамы басқарма өкілдері қатысып, төрағаның құттықтау лебізін жеткізді. Әнұран әуелеп, көкбайрақ көтерілген соң жарыс жалауы желбіреді. Спартакиада ерлер арасындағы мини-футболдан басталды. Компанияның «Дені саудың-жаны сау» деген қағиданы ұстанатын 300-ге тарта қызметкері сайысқа сақадай сай дайындалып келгенін байқатты. 

Жаңабай БЕКСАРЫ, «KEGOC» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:  

Спартакиаданың негізгі мақсаты-тек қана біздің қызметкерлер арасындағы спорттық мүмкіндіктерді дамыту емес. Бұл жалпы 4 500-ден астам қызметкері бар үлкен компанияның бір-бірінің арасындағы әлеуметтік-ұжымдық байланысты нығайту. Өздерін үлкен бір жанұя мүшелері екенін сезіндіру.

2003 жылдан бері өтетін өрелі жарысқа, ірі компанияның барлық құрылымдық бөлімшелері айрықша атсалысып келеді. Әуелі əр өңірлік филиалда іріктеу кезеңі өткен. Топты жарып, жолдама алғандары Рудныйда бақ сынамақ. Солардың бірі-Алмат Бермағамбетов. Ол «Сарыбай жүйеаралық электр тораптары» филиалында 11 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Белсенді қызметкер спорттан да құр алақан емес. Ол жыл сайын жарысқа қатысатынын айтады. 

Алмат БЕРМАҒАМБЕТОВ, «KEGOC» АҚ САРЫБАЙ ЖЭТ АЙМАҚТЫҚ ДИСПЕТЧЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИСПЕТЧЕРІ:  

Біз алдыңғы жылдары екінші, үшінші орындар алып отырдық. Биыл біз ерекше дайындалдық. Екі-үш ай бұрын алдына-ала, жетісіне үш рет дайындалып отырдық.

Он төртінші рет өтіп жатқан бұл жарыста 9 филиалдың командасы мен еншілес компания өкілдері өзара күш сынасады. Олар мини-футбол, үстел теннисі, волейбол, шахмат, қол күрес секілді спорт түрлерінен жарысқа түседі. Спорттық шараның алғашқы күні арулардың білек күресі мен ерлер футболы ерекше тартысты өтті. 

Мұрат АБАТОВ, «KEGOC» АҚ АТҚАРУШЫ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ КОМАНДА КӨШБАСШЫСЫ: 

Жігіттердің спортқа деген көзқарасы өте жақсы. Енді спорт бар жерде тәртіп бар. Ішінде жақсы ойнайтын филалдар бар. Оларды алалағым келмейді. Былтыр спартакиада Қарағандыда өткен кезде Алматы торабы бірінші орын алды. Енді биыл осы жерде болып жатыр. Жігіттерге жеңіс тілеймін.

Екі күнге ұласатын сайыстың нəтижесі ертең белгілі болады. Дәстүрлі жарыс компания қызметкерлері үшін үлкен мереке. Олар спорт алаңында қарсылас болғанымен, қызмет бабында құрметті әріптес. 

З. Санай