$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Сауда сақал сипағанша». Әлеуметтік желілердегі сауда хақында

AstanaTV
01.12.2018ж. 20:00
5733
«Сауда сақал сипағанша». Әлеуметтік желілердегі сауда хақында

Қытай миллиардері Джек Ма коммунистік партияның мүшесі екен. Электронды сауда короліне айналған Джек мырза компартияның идеологиясына табынатын болып шықты. Шықты?.. 

Соңғы уақытта электронды сауда қызды. Ол түсінікті. Сол сауданың ішінде әлеуметтік желілер арқылы жүретін сауда да бар. Бірақ әдеттегідей, жабайы сипаты байқалып келеді. Себебі ондай сауда алаңына шыққандар ресми тіркелмейді. Салық төлегісі келмейді. Жалпы қарапайым адамдар болмаса, бәрі айлығынан ұсталып қалатын, кәсіпкерлердің салық төлеу мәдениеті... Екінші жағынан, интернетте сауда жасайтындар әуелі түйені түгімен жұтатын коррупционерлерді "тіркеп алсын" деп ойлайтын шығар. Олжас Нұржақыптың материалы.

Бірнеше жыл бұрын киім-кешек сататын шағын дүкен ашқан Лаура Сахипованың қазір ойы өзгерген. Дүкенді әлеуметтік желіге ауыстырмаса болмайтынын түсінген. Себеп – онлайн сауда ескі әдісті офлайн деңгейіне түсіріп жатыр. Оның үстіне бутикте жұмыс істеу қалтаға қосымша салмақ салады. Жалға алу құны мен сатушы жалдау аз ақша емес. Ал интернет арқылы сауда тек смартфонның бетін сипау ғана.

Лаура САХИПОВА, КӘСІПКЕР:

Сондықтан бутигімді жауып жатырмын. Ондай пайда көріп жатқан жоқпын. Шығын тек, арендасын төлеу, сатушы ұстау. Интернетте оның бірі жоқ. арендасын төлемеймін, сатушы керек емес – өзім. Барлығы телефонның ішінде.

Бірден тоқталатынымыз - онлайн саудадан опық жеп қалған тұтынушылар аз емес. Оралдық Гүлайым бұған дейін ғаламтор парақшасынан бірнеше мәрте әр түрлі зат сатып алған. Сөйтіп арзан бағада саудаға шыққан ұялы байланыс құралына тапсырыс береді. Жарты ақшасын аударғаннан кейін барып алданғанын бір-ақ білген.

Гүлайым МОЛДАБАЕВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Керек телефонның 50 мың теңгесін төлеп жібердім. Содан кейін чекті оларға салдым. «Төледім» деп. «Жақсы» деп хабар келген. Звондағанда телефондары сөндірулі болды. Қайтіп сол страничканы қарағам. Оны таба алмадым.

 Гүлайымның бағына, полиция күдікті ұстады. Батыс Қазақстан облысында дәл осылай алданған Гүлайым ғана емес. Ішкі істер департаменті мәліметіне сүйенсек, биылдың өзінде 600-ден аса алаяқтық фактісі тіркелген. Соның 350-і интернет дүкендері болып шықты. Ал шығын көлемі 20 мың мен 100 мың теңгенің арасын құрайды.

Нұрлан БЕЙСЕНОВ, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ ІІБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жаппай түскен арыз-шағым бойынша арнайы іздеу шаралары жүргізіліп 10 интернет алаяғын ұстадық. Оралдан ғана емес, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан өңірлерінен де қолға түскендері бар. Қазір олардың әккі әрекеті әшкереленді. Барлық айыптау фактісі жиналып, сотқа жолдануға дайын тұр.

Дей тұрғанымен кәсіпкердің бәрі бірдей емес. Алматы тұрғыны Құралай өзіне керегін әлеуметтік парақшалардағы саудагерлерден алуды әдетке айналдырған. Өмірімде ондай жайтқа кездеспедім деген ол, қазір опа-далабынан бастап, бала шағасының киім кешегіне дейін ғаламтор дүкендерінен алатынын айтады. Себеп – дүкен аралап, уақыт құртпайсың.

Құралай ҚАППАРҚҰЛОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бәріміз жұмыста болған соң, бала-шағамыз болған соң әрине дүкен аралауға уақыт жоқ. Сол себепті интернет дүкенді қолданған өте ыңғайлы деп ойлаймын. Магазиндердің бағасынан көп айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Кейбір кезде оны үлкен скидкасымен де алуға болады. Бұл уақытқа дейін қанша алып жүрсем де ондай ешқандай болған жоқ. Оның бүкіл сомасын бірден төлесек те, сол күні айтқан уақытында әкеліп береді.

Қазақстандағы интернет қауымдастығының дерегіне сүйенсек, әлеуметтік желіге "желімдей" жабысқан қазақстандықтар саны шамамен – 8 миллионды құрайды. Оның ішінде «в контакте» желісі көш бастап тұр. Мұнда өз атынан ғана емес, әртүрлі парақша ашқандар қатары – 8 миллион. Ал екінші орында «Однаклассники» сайты. Мұнда тіркелушілер қатары 5 миллионға жуық. Қазақстандағы көптеген интернет дүкенінің ордасына айналған «Инстаграмм» қосымшасында 4 жарым миллион тіркелуші бар. «Фейсбукті» 1 миллионға жуық жан қолданса, «твиттерде» қазақстандықтардың тек 500 мыңға жуығы тіркелген.

Сонымен интернет дүкендерден бөлек, әлеуметтік желілерлерді да сауда алаңына айналдырғандары бар. Бұл ресми тіркелмей, көлеңкелі жолмен тіршілік қылатындар. Экономист Мақсат Халық нарықта 57 триллион теңге айналады десек, соның 26 пайызы - 14 триллионы көлеңкеде дегенді алға тартып отыр. Оның ішінде осы интернеттегі сауда да бар.

Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ, «PRO GENTE» ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

57 триллион теңгеміз бар десек, оның 14 триллионнан астам қаражаты көлеңкелі салада жүр деген сөз. Демек қазіргі таңда осы электронды форматта заңсыз өзінің кәсібін жүргізіп жүрген азаматтар осы айналымдағы көлеңкелі ақшаның үлесін арттырады. Ол заңсыз болып табылады. Осы қаражатты айналымда жүрген, егер заңдастырып, ашыққа шығарылатын болса, онда халықтың әл-ауқаты әлдеқайда жақсаратын еді, салық есебінен.

Ал заңгер заңсыз сауданың бәрібір ашылатынын айтады. Сол кезде айыппұл ғана арқаламайсың, кәсібің де құрдымға кетуі мүмкін, дейді.

Руслан ҚОЖАХМЕТ, ЗАҢГЕР:

Заңсыз кәсіпкерлік тасада қалмайды. Міндетті түрде жауапқа тартылады. Жай ғана әкімшілік жазасы 15 айлық есептік көрсеткіштен 100-ге дейін барады. Ал егер ірі көлемде сауда жасасаңыз онда қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша 2 жылдан бес жылға дейін бас бостандығыңыздан айырылуыңыз мүмкін. Сондықтан әр кәсіпкердің өз ісіне жауапкершілікпен қарағаны жөн. Көлеңкелі жолмен кетсеңіз не үлкен айыппұл арқалайсыз, не түрмеге түсесіз.

Елімізде әлеуметтік желіде сауда да жасап жүрген мыңдаған адам бар. Алматыда соның 61 ғана кәсіппен айналысатынын айтып, тіркелген. Қалалық кірістер департаменті мұның өте аз екенін айтады. Бірақ нақты қанша кәсіпкердің электронды сауда жасап жүргені әлі күнге белгісіз.

Алия БЕССАЛИЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

2018-ші жылы салық заңындағы өзгеріс жеке кәсіпкерлерге, соның ішінде электронды саудаға үлкен жеңілдіктер жасап отыр. 2023-ші жылға дейін дәл осы кәсіп түрімен айналысатындар салықтан босатылады. Ресми тіркелсе ғана. Оның өзінде ішкі талабы бар. Сауда айналымының 90 пайызы осы интернет дүкен арқылы жүргізілуі шарт. Яғни кез-келген саудамен айналысатын кәсіпкер әлеуметтік желі арқылы, сайттар арқылы өз тауарының 90 пайызын сатса, онда оларға салық салынбайды.

Әлеуметтік желілер арқылы сауда жасау әсте әбестік емес. Тек, бір ғана талап бар - ресми тіркелу керек. Бірақ дәл қазір, осы сәтте қарпып қалу дәстүрі бар жерде интернетті пайдаланып сауда жасайтындар түйені түгімен жұтатындарды ойлап, неге олардан бастамайды дейтіні белгілі.

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ:

Сонымен бірге екінші жағы бар, дейді Қазақстан интернет қауымдастығы. Көпке танымал жандардың парақшасына мыңдап үймелеген тіркелушілер, қилы қызмет, түрлі тауар ұсынып, жанталасып бағуда. Оларды қалай тәртіпке шақырмақ керек?

Олжас Нұржақып, Еркін Қарин, «Біздің уақыт»