Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Шымкентте екі жүздей адам уланған балмұздақ ісіне нүкте қойылды

AstanaTV
05.12.2018ж. 20:00
4589
Шымкентте екі жүздей адам уланған балмұздақ ісіне нүкте қойылды

Шымкентте екі жүзге жуық адамның улануына соқтырған балмұздақ шығаратын кәсіпкер 1 жылға сотталды. Бұдан бөлек, ол үш жыл бойы қоғамдық тамақтандыру ісімен айналыса алмайды. Сондай-ақ, сотталған кәсіпкер балмұздақтан кесел тапқандарға 1,5 млн теңге шамасында өтемақы төлуге міндеттелді. Бұл бұған дейінгі талап еткен соммадан әлдеқайда аз. Уланудың зардабын тарттық дегендер бірнеше қайтара қосымша ем қабылдауға кеткен шығындарын өндіру үшін жеке кәсіпкерден 30 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін моралдық және материалдық шығынын өндіріп беруді талап еткен-ді. Айта кетейін, сотта ұзын саны 160 адамның арызы қаралды. Олардың 80 пайызы кәсіпкерді кешірді. 

Талғат ҚАҺАРОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:  

Талап-арыз түсіргендердің басым көпшілігі сотталушының бас бостандығын шектемеуді сұрады. Олар кәсіпкер қасақана уламағанын және оған түсіністікпен қарайтындарын айтты. Соның бәрін ескере келе сотталушының бас бостандығын 1 жылға шектеуге шешім қабылданды. Дегенмен, медициналық кітапшасы жоқ адамдарды жұмысқа қабылдау оның қателігі.

Еске салайық, шаһарда наурыз айында құймалы балмұздақ жеген 188 адам ауруханаға түскен. Жұрттың жаппай улануына балмұздақты әзірлеу кезінде санитарлық талаптардың өрескел бұзылуы себеп болды. Яғни, кәсіпкер тәтті қоспаларды үйде жасаған. Балмұздақты әзірлегендер мен оны сатқан 12 адамның екеуінен сальмонеллез, тағы біреуінен стафилококк қоздырғышы табылған болатын.  

А. Төребекқызы