Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Педагог білімін алатын 130 студенттің 15%-ы ғана мұғалім болады

AstanaTV
07.12.2018ж. 20:00
3879
Педагог білімін алатын 130 студенттің 15%-ы ғана мұғалім болады

Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін мұғалімдерге төленетін қосымша ақы екі есеге өседі. «Педагог статусы» туралы заң қабылданған соң, ол 35 мыңнан 79 мыңға жетеді. Бұл туралы жұмыс тобы өкілдері хабарлады. Қазір заң жобасы қоғамда қызу талқылануда. Мұғалімдер кәсіподағына 300-ден аса ұсыныс түскен. Арасында жалақыны 300 мыңға дейін көтеруді қалайтын да ұстаздар бар. 

Қазір елде 286 мың мұғалім бар.171 мыңы ауылда білім береді. 5 жылдық жұмыс өтілі бар педагогтың ай сайын қолға алатыны 75 мың теңге. Ал, 25 жыл мұғалім болсаңыз 83 мың теңге тиесілі. Жалақы мәселесінен бөлек ұстаздар жаңа заңда зейнет жасын қысқартуды ұсынып отыр.  

Зәуреш МАХАТОВА, АҚТӨБЕ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ:  

Мен ұстаздардың зейнет жасын қысқарту қажет деп есептеймін. Әйелдер 55, ерлер 60 жаста зейнетке шығуы қажет. Мәселен, менің бұл салада жүргеніме 35 жылдан асты. Зейнетке 63 жасымда шығамын. Бірақ, оған дейін ұстаз болып жүре алатыныма сенімді емеспін. Өйткені, бұл сала үлкен еңбек пен жауапкершілікті талап етеді.

Ал, салалық кәсіподақ мұғалімге әлеуметтік жеңілдіктер заңға сай көрсетілуі қажет дейді. Бұл білім туралы заңның 7-бабында анық айтылғанмен, жергілікті жерде әкім-қаралар «Қаражат жоғын» алға тартады. Мәселен, құжатта медициналық көмек тегін көрсетілу керегі және ауыл мұғалімдеріне коммуналдық ақы үшін тиісті мөлшерде қосымша ақша беру қаралған.    

Айгүл МҰҚАШЕВА, САЛАЛЫҚ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІПОДАҒЫ ТӨРАЙЫМЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Алматы, Түркістан облысында біздің ұстаздар медициналық тексерісті өздерінің қаражатынан өтеді. Коммуналдық төлемақы да қиын жағдай. Заңда жазылғанмен ұстаздарға дұрыс төленбейді. Қасымыздағы Ақмола облысында 19 ауданда коммуналдық төлемақыға ұстаздар мүлдем, бір тиын да ақша алмай келеді.

Қазақстанда жыл сайын 130 мың студент «Мұғалім» мамандығын алып шығады. Бірақ, олардың 15-20 пайызы ғана ұстаз атанады. Өйткені, жауапкершілік жүгі тым ауыр. Оған қоса, құқығы мен қызметтік міндеті айқындалмаған. Ұстаз бен басшылық, ұстаз бен ата-ана арсындағы қарым-қатынас пен жауапкершілік әлі де шикі.  

Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ, «ҚАЗАҚСТАН ҰСТАЗДАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ» МҮШЕСІ:  

Мұғалімнің құқығы әркім өз міндетін асыра пайдаланғанда бұзылды. Сондықтан, ата-ананың мұғалім алдындағы жауапкершілігі, баланың мұғалім алдындағы және мұғалімнің бала алдындағы жауапкершілігі нақты көрсетілу қажет. Мектеп директоры орынбасарының міндеті, директордың міндеті, білім бөлімдерінің міндеті. Дәл осындай құқықтарды шектейтін нормалар керек.

Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ: 

Президенттің бір ауыз сөзі бүгінгі мұғалім проблемасын шешуге септесуі тиіс. Бір жағынан осы тұста ұстаздардың өзі қарап қалмай белсенділік танытса, мінсіз заң қабылданар еді. Ал, заңның одан әрі орындалуы ол бөлек әңгіме.

А. Бектас