Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Тәуелсіздік мерекесін елдіктің мерекесі ету. Әлемдік саясаттан бір-екі штрих

AstanaTV
08.12.2018ж. 20:00
2659
Тәуелсіздік мерекесін елдіктің мерекесі ету. Әлемдік саясаттан бір-екі штрих

Нұр Отан партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев фейсбук желісінде Тәуелсіздік күніне орай жазба қалдырды. Негізгі ой:  

...Тәуелсіздік күнін атап өтуде Отанға деген махаббаттың жарқын үлгісін көрсету әр қазақстандықтың азаматтық борышы болуы тиіс. Ол үшін мемлекеттік деңгейдегі мерекелік іс-шаралармен шектелмей, әр адам тәуелсіздік мейрамын тойлауға аз да болса өз үлесін қосуға тырысуы қажет.

Осыған орай барша жеке кәсіпкерлер мен кәсіпорындарды және халыққа қызмет көрсетіп отырған жеке ұйымдарды Тәуелсіздік күнін нағыз елдіктің, егемендіктің мерекесі ретінде атап өтуге шақырамыз. Яғни мереке күндері сөрелер мемлекеттік рәміздердің түсімен безендіріліп, қызметкерлер ұлттық нақышқа сай киімдер кисе, сауда орындарында арнайы акциялар мен жеңілдіктер сияқты бірегей бастамалар қолға алынса мерекенің маңызы мен мәні одан әрі арта түсетіні анық.

Қалай десек те, бұл күндері әр қазақстандық мерекелік көңіл-күйге бөленіп, барлық қоғамдық орындарда тәуелсіздіктің мәні мен маңызы айқын сезіліп тұруы тиіс. Сол кезде біз ата-бабамыз аңсаған азаттықтың бағасын пайымдап, жаңа Қазақстан тарихындағы ең ұлық күнге деген құрметімізді көрсетер едік.

Ал Украинаның Жоғарғы Радасы бейсенбіде өздерінің Ресеймен арадағы достық туралы келісімді тоқтататын заң жобасын мақұлдады. "Украина мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және әріптестік жөніндегі келісімді тоқтату туралы" заң жобасын тездетіп қабылдауды Украина президенті Петр Порошенко ұсынған. Оған Керчь бұғазында Ресей әскерилерінің Украинаның үш кемесін атқылап, тұтқындағаны себеп болған.

Кеше АҚШ –ң БҰҰ-ғы елшісі болып Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Хизер Науэрт тағайындалатыны туралы ақпар тараған, бүгін тағайындалды. Науэрт 48-де, Трамптың әкімшілігіне былтыр көктемде келген. Ол мемлекеттік хатшының орынбасары болғанша телевизия саласында істеген. Журналистикада 1996 жылдан.

Ал 1998 жылы Fox News арнасына жұмысқа тұрады. 2005-2007 жылдары ABC арнасында жүргізуші болады. Кейін Fox-қа қайта оралып, "Fox and friends" деген бағдарламаны жүргізеді. Трамп ол хабарды үзбей көретінін айтқан. Bloomberg агенттігі Науэрттің күтпеген таңдау екенін жазған. Себебі мемлекеттік қызметте, оның ішінде дипломатиялық қызметтегі тәжірибесі өте аз. Би Би Си болса Хизердің Трамптың жанынан тастамайтын қызы Иванка мен оның күйеуі Джаред Кушнермен жақсы қарым-қатынаста екеніне тоқталған. Иванка мен Джаред Трамптың кеңесшілері. АҚШ –ң БҰҰ-ғы қазіргі елшісі Никки Хейли қазан айында жыл соңына дейін отставкаға кететінін мәлімдеген еді.