$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылжар өңірінде 275 адам пайдың ақшасын ала алмай жүр

AstanaTV
10.12.2018ж. 20:00
3625
Қызылжар өңірінде 275 адам пайдың ақшасын ала алмай жүр

Қызылжар өңірінде алтын дән дауы. Үш жүздей адам жерге тиесілі пайдың ақшасын ала алмай жүр. Көктемде тұрғындар жеріне егін еккен шаруашылық күзде бидайды бөтен бір кәсіпорын орып алды деп отыр. Жарна иелері оны сотқа берген. Тамызда басталған дау сотта қаралып жатыр. Абзал Құрманкин мәселенің анық-қанығын білуге тырысты.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Ақжар ауданы тұрғындары 275 жер учаскесін 2009-шы жылы «Тельман-север» серіктестігіне жалға берген. Алайда, араға бірнеше жыл салып, тұрғындар жердің жарнасынан түсетін табыстан қағыла бастапты.

«Тельман-север» серіктестігінің құрылтайшысы-ресейлік «Богви» компаниясы жерлерді кепілдікке қойып, банктерден несие алады. Бірақ кейін банкрот жариялаған. Ал, сот борышынан құтыла алмаған компанияның мүлкіне тыйым салыпты.

Дәуіт КУДЬЯРОВ, «ТЕЛЬМАН-СЕВЕР» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

«Тельман-север» компаниясы қаржылық қысылтаяңға байланысты көктемде 4 300 гектар аумақты «Бекзат-1» серіктестігіне пайдалануға берді. Аталған шаруашылық алқаптың жартысына егін екті. Бірақ шілде айында жеке сот орындаушысы жер телімін электронды саудаға қойып, тамыз айында оны «Болат» шаруа қожалығына сатып жіберіпті. Біз оны білген жоқпыз.

Ал, «Бекзат-1» шаруашылығы еккен егіннің тек жартысын ғана жинап алған. Директоры қалған астықты «Болат» шаруа қожалығы иемденді деп отыр.   

Марат ШАПЕНОВ, «БЕКЗАТ-1» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: 

Урожай 15-18 центнер болу керек еді. Мың гектарына КХ «Болат» кіріп кетіп, соны жинап алды. Бізге қарсы охранасын қойып, соны жинады. Милиция бәрі куә болды. Біз енді пайларды бере алмай тұрмыз. Сол себептен то, что қазір оларда аресте тұр, астық тоғында айдап тұрған сияқты.

Ал, жерге иелік ететін аудан тұрғындарының заңгері «Болат» шаруа қожалығы мен жерді электронды саудаға салған жеке сот орындаушысын сотқа берді. Адвокаттың пайымынша, жер телімдері электронды сатылымға заңсыз шығарылған.    

Ляззат ҚҰСАЙЫНОВА, ЗАҢГЕР: 

Жеке сот орындаушысы жер телімін Қазақстан Инвестициялық қорының тапсырмасы бойынша сатып жіберді. Заң бойынша олар «Тельман-север» серіктестігін ескертуі тиіс еді. Ал, жердің жаңа иесі «Болат» шаруа қожалығы күзді күні арнайы күзет компаниясын шақыртып, бір мың гектар алқаптағы егінді орып алған. Алайда, заңға сәйкес астық егін еккен кісінің меншігінде қалуы керек. Сондықтан, «Болат» шаруа қожалығының ісі заңға қайшы.

Үш ай бұрын Ақжар ауданында басталған сот отырысы қазанда Петропавлдағы экономикалық сотына ауыстырылды. Алайда, жауап беруші тарап сотта қарасын көрсетпеді. Процесс мардымсыз жүргізілгесін, жапа шеккен тарап оны қайтадан ауданға ауыстыруды сұрады. Бүгін аппеляциялық сот олардың талабын қанағаттандырды.  

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Айта кетейік, ресейлік «Богви» және «Трансавто» холдингтері 2000-жылдары Қазақстанның бидай нарығына кірген еді. Содан бері олардың аты сан мәрте дауға айналған болатын. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде бір миллионнан астам гектар аумақты иемденген қос компания қаржылық институттардан несие ретінде қомақты қаражат алып, кейін банкрот болып жарияланды. Ал, олардың құрамында болған жүздеген компания әлі күнге дейін соның азабын тартып келеді.

А.Құрманкин