Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Алматыда кәріз қалдықтарынан электр энергиясын өндіру ісі қолға алынатын болады

AstanaTV
11.12.2018ж. 20:00
3494
Алматыда кәріз қалдықтарынан электр энергиясын өндіру ісі қолға алынатын болады

Алматыда кәріз жүйесіндегі ағынды сулардан электр энергиясын өндірмек. Құбырдағы шөгінділерден бөлінетін биогаздан қуат көзін алуға инвестиция салынатын болды. Бұл туралы біздің арна тілшілеріне «Алматы су» кәсіпорнының басшылары мәлімдеді. Қаладан шығатын лас қалдықтан ток алуға бірнеше компания қызығушылық танытып отыр. Олардың бірі рұқсат беретін құжаттарын рәсімдеп, арнайы зауыт салуға қамдана бастаған.  

Алматы облысы Іле ауданында орналасқан «Аэрация орталығы» қаладан шығатын кәріз қалдықтарын жинайтын орын. Осында тәулігіне 130 млн. текше метр ағынды келеді. Қаскелең, Талғар мен өзге де қалаға жақын елді-мекендерден шығатын канализациялық жүйе де осылай қарай бағыт алады. Қалдыққа орталықта бірнеше сатыдан тұратын сұрыптау шаралары жүргізіледі.   

Серік ШАҒЫРОВ, «АЛМАТЫ СУ» МКК РЕСМИ ӨКІЛІ: 

Бұл жерге не келмейді десеңізші!? Тіпті малдың ішек-қарына дейін ағып келеді. Тұрмыстық қалдықтарды кәріз жүйесіне төгу бүкіл жүйеге кері әсер етеді. Кәріз жүйесіне майлы сорпаға дейін төге салатын үй шаруасындағы әйелдерге айтарымыз көп. Қоқыс шелегі мен кәріз желісі екі түрлі болатынын ескертеміз.

Бірақ, қанша ескертілсе де, тұрмыстық қалдықтар бірнеше шақырым жолмен сұрыптау орталығына жетеді. Бөлініп алынған кәріз суы мынау сияқты арнайы бассейндерде сақаталады екен. «Ол біраз тұнған соң, қойманың түбіне шөгінділер пайда болады. Дәл осы шөгінділерден электр энергиясын алуға болады»-деді орталық технологы.  

Анатолий КАРАТУНОВ, АЛМАТЫ ТАЗАЛАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ТЕХНОЛОГЫ: 

Қазір біз кәріз судың тұнбасынан пайда болған шөгіндінің құрамындағы газдың мөлшерін анықтап жатырмыз. Тіпті зауыт жұмыс істемей қалған жағдайдың өзінде бұл қалдықты тыңайтқыш ретінде сататын боламыз.

Қаладан шыққан шайындыны биологиялық тазалау кезінде пайда болған қалдықтан энергия алу дамыған елдерде жолға қойылған. Алматыдан шыққан қалдықтан тәулігіне 6 мың тоннадай биологиялық масса пайда болатыны есептеліпті. Одан өндірілетін қуаттың көлемі сағатына 4-4,5 мегаватт болуы мүмкін. Алынған электрдің күші 2 зауыттың үздіксіз жұмыс істетуге жетеді.   

Нұриддин ЖАРБОЛОВ, «АЛМАТЫ СУ» МКК БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Осы жүйені толықтыру үшін бірнеше компания өз қаржысына қондырғы салуға келісім берді. Соның бірі-«ББС групп» деген компания. Қазір жерді арендаға алып, техникалық негіздеме жасап, енді жобалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Инвесторлар кәріз қалдықтарынан ток шығаратын арнайы зауытты 2019 жылы бастамақшы. Кәсіпкерлер жобаның қыр-сыры туралы кәсіпорын іске қосылған соң ғана айтатынын мәлімдеді. Зауыттың құны 15 млрд. теңгеге бағаланып отыр.  

Р. Асқарбекұлы