$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Телімін даулап, әділдік таппай жүргендерге заңгерлер тегін көмек көрсетіп жатыр

AstanaTV
12.12.2018ж. 20:00
3324
Телімін даулап, әділдік таппай жүргендерге заңгерлер тегін көмек көрсетіп жатыр

Жер дауы. Телімін даулап, әділдік таппай жүргендерге заңгерлер тегін көмек көрсетіп жатыр. Бүгін сондай семинарлардың бірі Астанада өтті. Оған ұйтқы болған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. Азаматтар көбінесе тегін берілетін 10 сотық жерді қалай алуға болатынын сұрайтын көрінеді. Ал, астаналықтар қандай мәселелермен заңгерлер көмегіне жүгінетінін тілшіміз біліп қайтты. 

Республика бойынша 1000-нан астам адам жер мәселесіне қатысты туындаған сұрақтарына тегін жауап алған. Ол үшін кәсіби заңгер екі айдан бері өңірлерді аралап семинар өткізіп келеді.  

Кәсіби маманнан кеңес алуға келген жұрт залды лық толтырды. Өз жерін даулап келгендер де, тегін участок алуға тұрған кезегінің жылжымай қойғанына да шағымданушылар болды араларында. Ал, Қуаныш Сәрсенов кәсіп жүргізу үшін жалға алған 3 бірдей жер телімінің бюрократиялық былыққа тап болғанын айтып отыр. Ол бір жыл бұрын аукцион арқылы Астана қалалық жер қатынастары басқармасынан жерге жекеменшік құқығын алған. Енді келісімшартты ұзартайын десе, жер басқармаға емес, «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі болып шыққан.  

Қуаныш СӘРСЕНОВ, КӘСІПКЕР: 

Олар мені қалалық СПК-ға жіберіп жатыр. Солардың қарамағына сіздің учаскеңіз қарайды деп. Бірақ, менде СПК-мен емес, Управление зем.отношений дейді, солармен договор құрылған.

Үш айдан бері келісімшарт мерзімін соза алмай жүрген кәсіпкер банкротқа ұшыраудан қорқады. Егер, құжаттар реттелмесе, жаңадан бастап жатқан бизнесі ашылмай жатып аяқтала ма деп алаңдайды. 

Бақытжан БАЗАРБЕК, ЗАҢГЕР: 

Соған байланысты материалдарды қарап шыққаннан кейін, біз араласып, егер қажет болса Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікті осы іске араластырамыз.

Тағы бір кәсіпкер Ақмола облысының Ақкөл ауданынан арнайы келген. Алтынбек Кәрімов 1996 жылы ауыл шаруашылығымен айналысу үшін сатып алған жерінен аяқ астынан айрылып қалған. Айтуынша, әкімдіктегілер «бармақ бастыға» барған.   

Алтынбек КӘРІМОВ, КӘСІПКЕР: 

Жер актісін берген мекеменің өзі екі сөйлеп отыр. Өзінің қолы қойылған құжатты көре тұра, «Бұл жер телімі сіздікі емес. 4 гектар жер 1999 жылдан бері «Еңбек» дейтін серіктестікке тиесілі» деп отыр. Бұл тіпті де мүмкін емес. Біз бұл аумақты 1996 жылы сатып алған болатынбыз. Осы күнге дейін салығын да төлеп келдік. Құжатымның бәрі түгел. Заңды бұзған емеспін.

Мұндай семинарлар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мұрындық болуымен елдің барлық өңірінде өтті. 1000-нан астам адам өз сұрағына тиісті жауап алыпты. Ал, келер жылы Астананың өзінде ғана осындай 4 тегін жиын ұйымдастыру көзделіп отыр.  

Д. Қайыртай