Алматыда жедел жәрдем жүргізушісінің бетін химиялық затпен күйдірген күдікті 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады. Оқыс жағдай Жетісу ауданында тіркелген. Шақыртумен медициналық көмек көрсетуге келген жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне қаскөй алдымен көлігін шетке алуын сұраған. Қызметтік көлік иесі фельдшер мен науқасты күтіп тұрғанын, көлік өте алатын орын барын айтып, өтінішін орындамапты. Бірақ, қызуқанды жас жігіт жүргізушінің бетіне химиялық затты шашып жарақаттаған. Күдікті ұсталды.
Сәбит ПАЗЫЛОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
Біз басқа бригада шақыруға мәжбүр болдық. Екі бригада келіп қаралған пациентті алып кетуге бір бригада, жүргізушіге екінші бригада келіп көмек көрсетіліп ауруханаға жеткізілді. Бүгінгі күні біздің жүргізуші ауруханада 4 проценттік күйік салдарынан бет және мойын аймағының 4-ші қалалық клиникада ем алуда.
Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қылмыстық Кодекстің 293-ші бабы нормалары бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда сот алды тергеу жұмыстары жүргізілуде. Іске қатысы бар сезікті айқындалды. 98-ші жылы туылған жергілікті жас азамат. Бап бойынша 3 жылдан аса бас бостандығынан айыру көзделуі мүмкін. Айыппұл да көзделген.
Айта кетейік, бұл жедел жәрдем жүргізушісіне жасалған алғашқы шабуыл емес. Бұған дейін қыркүйек айында жұдырығын ала жүгірген Түркия азаматының ерсі әрекеті қоғамда біраз талқыланған болатын. Тіпті істе те қозғалған еді. Жалпы жыл басынан бері медициналық көмек көлігіне шабуылдаудың 5 жағдайы тіркеліпті.
О. Нұржақып