Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Мектеп асханасында зиянды тағамдар сатылмайтын болады

AstanaTV
13.12.2018ж. 20:00
7556
Мектеп асханасында зиянды тағамдар сатылмайтын болады

Мектеп асханаларында қолдануға тыйым салынған тағамдар бұқараға жария болды. Енді түрлі шұжықтар, ысталған, қуырылған аспен бірге фаст-фудтар мен консервіленген азықтар ас мәзірінен алынады. Кондитерлік өнімдер, кофе, тәтті сусындар, құрамында дәмдеуіштер мен бояулары бар тағамдар да болмауы тиіс. Тізім ата-аналар үшін айқындалған. Өйткені, шенділер олардың тарапынан бақылау күшейетініне сенімді.   

Бұл игі іске «Нұр Отан» партиясы мен Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің бірлескен жобасы мұрындық болыпты. «Мектеп асханалары» деп аталған шара барысында олар елдің ондаған білім ордаларын тексерген. Бұған ата -аналар тарапынан түсетін шағымдардың жиілеуі де түрткі болған сыңайлы.   

Әлия САХАРИЕВА, «МЕКТЕП АСХАНАЛАРЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:  

Ата-аналар тарапынан да көптеген шағымдар түсті. Сондықтан, бұл мәселенің шешімін тапқанына қуаныштымын. Келешекте буфеттік мәзір стандартын әзірлеу бойынша және осы стандарттарға мониторинг жүргізу бойынша үлкен жұмыстар жоспарлануда.

«Жарияланған тізімде жаңадан қосылған ештеңе жоқ»-дейді мамандар. Ол бұрыннан қолданыста болғанымен, нақты қандай азық -түлікке тыйым салынғанын ата- аналар пайымдап қана білетін. Бұл шарадан соң кәсіпкерлердің де түрлі қитұрқылыққа бара алмайтынына шенділер сенімді. Мысалы, бұдан былай бала тостағынан шұжық таппайсыз.    

Марал РАҚЫМЖАНОВА, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:    

Сосикалар негізінде добавкалары болғандықтан негізінен балалардың тамағында болмауы тиіс.

-Олар қымбат етті арзан сосикамен алмастырып тұр ғой?

-Солай болып тұр.

Талап бойынша шенділер асхана иелерін тек жарты жылда бір рет жоспарлы түрде тексере алады. Оның өзінде бір ай бұрын ескертулері тиіс. Бұл жағдайдың оқушы денсаулығы үшін қауіпті екендігін түсінетін комитет мамандары енді бақылауды ата- аналармен бірге атқармақ.     

Марал РАҚЫМЖАНОВА, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:    

Оны карточкаға түсіресіз де, сосын оны ватсаппен болса телефон арқылы жібересіз немесе жергілікті біздің мекемелерге келіп көрсетсеңіздер, олар прокуратураға көрсетіп, қауіпті тамақ жеп отырғанына тексеріс ашуы мүмкін.

Астана қаласы мен елдің үш облысында бастауыш сынып оқушылары бюджет есебінен тамақтанады. Қалған өңірлер мен жоғары сынып оқушылар үшін түстену құны 300-350 теңге. Азық-түлік бағасын жақсы білеміз деген комитет мамандары бұл қаржы баланы сапалы әрі құнарлы азықтандыруға толығымен жетеді деп отыр.       

Ляна ТҰРСЫНОВА , БҚО ҚОҒАМДЫҚ ТАМАҚТАНУ КӘСІПОРЫНДАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: 

«Нұр Отан» басымдық берген бағыттардың бірі-мектеп асханаларын жетілдіру. Өз басым кәсіпкер ретінде осы саладағы көп түйткілдің нақтыланғанын қуана қабылдадым. Өйткені, фас-тфуд өнімдері мен газдалған сусындар, түрлі майонездер адам ағзасына зиянды екені белгілі.

Ал, осы іске бастамашыл болған мамандар ата-аналар тарапынан бақылау күшейсе, балалардың астан улану деректері де азаятынына сенімді.     

Г. Тасболатқызы