Франция президенті Эммануэль Макрон төтенше экономикалық жағдай жариялады. Ол халқына үндеу жасап, үкіметіне қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 100 еуроға көтеруді және үстеме жұмысы үшін төленген жалақыға салық салмауды тапсырды. Сонымен бірге зейнеткерлер мен табысы аз адамдарды салықтан босатуға уәде берді. Ең маңыздысы - Макрон «сары жилеттегілердің» ашуы «орынды» деп, соңғы уақытта көптеген француздың әл-ауқатының нашарлауына өзінің де кінәлі екенін мойындады. Сөйтіп жанар-жағар май бағасының өсуіне наразылық танытқандар босқа ереуілдемегендерін дәлелдеді. Дегенмен Макрон ауқаттыларға салықты көтеруден бас тартты. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашу керек кезде экономиканың әлсіреуіне апарады деді.
Франция президентінің сөзіне сүйенсек, соңғы 40 жылда ауылдар мен деревняларда мемлекеттік әлеуметтік қызметтер азайып, өмір сүру нашарлай берді. Ал қоғамда пікіріне ешкім құлақ аспайтын, проблемалары мойындалмайтын адамдар көбейген. Оларды ешкім елең қылмаған. «Мен де басқа нәрселер толғандыратын, басқа дүниелерге басымдық беретін адам сияқты әсер қалдырған шығармын. Сіздердің көбіңіздің менің сөздеріме қапаланғандарыңызды білемін», деген Э.Макрон. Франция президенті саясатпен айналысқанға дейін банкир болған. Сондықтан оны қарапайым адамдардың өмірі қызықтырмайды деп жиі сынайды, деп жазды Би Би Си порталы. Ол Францияның барлық аймағының мэрімен кездесіп, өзі айтпақшы «өмірде болмаған пікірсайыстар» ұйымдастырмақ.
Өткенде Қырғыстан экс-президенттерді тиіспеушілік құқығынан айыратын заң жобасын талқылайтынын хабарлағанбыз. Парламенті осы аптадағы отырысында бірінші оқылымда мақұлдады.Жоба бойынша президентке импичмент жарияланып, қызметінен кеткен соң қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. Іс басындағы президентті Жогорку Кеңеш оған бас прокуратураның қызметінде қылмыс белгілері бар деген тұжырымы бойынша айып таққан жағдайда ғана жауапқа тарту қарастырылған. Заң жобасында экс-президенттің ар-намысы мен қадыр-қасиетін қорғауға кепілдік беретін 18-бапты өзгерту де ұсынылған. Заң біржола мақұлданса, Алмазбек Атамбаевтың жауапқа тартылуы мүмкін. Себебі Социал-демократиялық партияны басқаратын Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев пен оның орнын басқан қазіргі президент Сооронбай Жээнбековтің арасы жақсы емес. «Жээнбековті бекер қолдаппын, қателесіппін», деп Атамбаев жақында сұхбат берген.
Ал АҚШ Сенаты Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманды журналист Жамал Хашоггидің өліміне жауапты деген қарарды бекітті. Онда журналисті өлтіру туралы бұйрықты тақ мұрагері берген деп жазылған. Сөйтіп Йемендегі қақтығыста Сауд Арабиясына әскери көмек беруді тоқтатуға АҚШ сенаторлары түгел дауыс берген. Washington Post – қа мақала жазған Сауд билігіне оппозицияда болған Жамал Хашоггидің қазан айының басында Сауд Арабиясының Стамбұлдағы консулдығының территориясында өлтірілгені мәлім. Осы аптада америкалық Time журналы журналистті жыл адам деп жариялап, суретін мұқабаға шығарды.