Павлодардағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 11-сыныпта оқитын Абылайхан Мұстафин биотехнолог болуды армандайды. Биологияға деген қызығушылығы 4-5 жасында ауылға атасының үйіне қыдырып барғаннан басталған. Ауылдағы түрлі шөп, өсімдікті көріп, оның өсу процесі - қалай әдемі болып өсіп, сосын неге сарғаятынын білгісі келген. Ал 10-сыныпта оқитын Еркебұлан Елжан алгебра мен информатиканы ұнатып оқиды. -Есеп шығарып шаршасам, информатика арқылы шығармашылық шабытымды оятамын, дейді. 11-сыныптың оқушысы Айдана Қайырбаева қазақ тілі пәні бойынша республикалық олимпиадаларға қатысып жүр. Біз ең алдымен ана тілімізді аялауымыз керек, дейді. Ал болашақта кардиохирург болуды армандайды. Бұған отандастарымыздың шетелдерге шығып, қыруар ақша шашып емделуге мәжбүрлігі түрткі болған. Біз жастарға сенеміз! Абылайхан, Еркебұлан, Айдананы Әсемгүл Мұхитқызы тыңдады.
Абылайхан МҰСТАФИН, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
Сүйікті пәнім биология. Болашақта биотехнолог болғым келеді. 5-6 жасымда ата-әжемнің ауылына бардым да, сол ауылда өсімдіктерді, жануарларды зерттеу қызық болды. Сол мезеттен бастап биология мен үшін қызық. Яғни жай осы өсімдік пен жануарлардың қалай өмір сүруі емес, ішінде не бары, осы процестер қалай жүретіні мені қызықтырды.
Еркебұлан ЕЛЖАН, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
Информатика саласын мен шығармашылық сала ретінде есептеймін. Себебі өзіңнің қолтаңбаңды алып, оған дизайн жасау, оның кодын жазу. Мысалға біз сурет салғанды ұнатамыз, информатика осы секілді, сурет салумен ұқсас.
Айдана ҚАЙЫРБАЕВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
Балалардың арасында қазақ тіліне емес, орыс тілінің мәртебесі асқақтап тұр. Өзім қазақ тілінің мәртебесінің асқақтауына үлес қосқым келеді. Қазіргі жастар көбіне орыс тілінде сөйлейді, тілдері орысша шығады. Ал менің ойымша, Ғ.Мүсірепов айтады ғой: Халықтың мәдениеті ұлы болмай, халықтың өзі ұлы болмайды.
Абылайхан МҰСТАФИН, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
Биотехнолог болу деген арманым қыста туды. Яғни қыста кейбір тағамдарды біз жей алмаймыз. Себебі біз қыста өсімдіктерді өсіре алмаймыз. Мысалы, картопты өсіре алмаймыз. Ал мен қыста түрлі нәрселерді өсіру, мысалы гидропоника әдісін қолдана отырып, түрлі зерттеулер өткіздім.
Айдана ҚАЙЫРБАЕВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
Мақсатым – медицина. Кардиохирург болғым келеді. Медицинада жаңа ашылулар жасап, жаңа жетістіктерге жеткізгім келеді. Себебі қазіргі таңда Қазақстанның медицинасы дамымаған дейді. Шетелге асығып тұрады. Сол жерде қыруар ақша жұмсап, емделгісі келеді. Ал мен ондай болғанды қаламаймын.
Абылайхан МҰСТАФИН, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
Білімді адамдар тумайды. Алайда білімді тез сіңіре алатын адамдар тууы мүмкін. Осындай адамдар математикадан есептеу немесе фихиканы есептеу өте оңай, ал кейбір адамдар мүмкін осындай қабілетпен тумаса да бір еңбектің нәтижесінде үлкен жетістіктерге жете алады.
Айдана ҚАЙЫРБАЕВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
Жетістікке жету үшін көп еңбек ету керек. Бірақ қазіргі кезде балалар ішінде: қойшы, жеңе салам, өзімді білемін ғой, -дегендер көп кездеседі. Бірақ менің ойымша ең соңында жеңімпаз тек еңбек етіп, терін төккен адам болады.
Еркебұлан ЕЛЖАН, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
Математикағаға дайындалған кезде мен өзім жалғыз дайындалғанды жақсы көремін. Себебі біреумен дайындалғанға қарағанда, өзің дайындалған, өз кемшілігіңді білгендіктен, осыны жою үшін жұмыс істей аласың.
Абылайхан МҰСТАФИН, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
Кейбір кездерде бас сондай ауырады. Үйге келгенде біріншіден ата-анамның, қарындасымның дауысын естіген кезде жанымда сондай жылы, жүректе жылулық пайда болады. Сабақ біткен соң волейбол ойнаймын. Оған қоса үйге келгенде менде кубик-рубик бар, оны да кейде жинаймын.
Айдана ҚАЙЫРБАЕВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
Волейбол, жүгіру сияқты үйірмелерге қатысам. АСонымен қатар қолөнермен айналысамын. Ол кезде жаның рахаттанады!
Еркебұлан ЕЛЖАН, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
Кейбір жарыстарда жеңілістер болады. Бірақ мен бала кезден көп жеңілгенмін. Соның бәрі өскен кезде қайта аяққа тік тұрып, қайта жұмыс істеуге күш береді. Сондықтан мен жеңілсем де қайтадан, одан да жақсырақ жұмыс істеуге талпына бастаймын.
Айдана ҚАЙЫРБАЕВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
Қазір қоғам деп айту қиын. Себебі әр адам өз бетімен кеткен. Барлығы өзін дамытқысы келеді. Өзін жетістіктерге жеткізгісі келеді. Халқым, елім демейді. Шетелге асығады. Жаңа өмір, дәулеттілік дейді. Ал менің ойымша, ең бірінші Қазақстанның өркендеуіне адамдар бірігіп жұмыс істеуі керек. Ауызбіршілік болу керек.