Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Ақтаудағы үйлердің қабырғасы көгеріп, саңырауқұлақ қаптаған

AstanaTV
19.12.2018ж. 20:00
5428
Ақтаудағы үйлердің қабырғасы көгеріп, саңырауқұлақ қаптаған

Ақтауда мемлекеттік бағдардама бойынша берілген су жаңа үйлердің қабырғасы көгеріп жатыр. Пәтерлерде зең саңырауқұлақтары қаптаған. Үй ішінде ауаның ылғалдылығы шамадын тыс. Дәрігерлер бұл адам денсаулығына қауіпті деп алаңдайды. Ал, құрылыс компаниясы тұрғындардың арыз-шағымын пысқырмайды.  

Төрт баланың анасы Ақмарал Тумаева тәңертең тұра сала қабырғада қаптаған саңырауқұлақты тазартуды бастайды. Жаңа үйдің жыл өтпей жатып сорақы күйін көрген ол мердігерлерге шағым айтудан шаршаған. Ал, қабырғасы түгелдей көктеп-көгеріп кеткен мына бөлмеге балаларын кіргізбейді. Ауру жұқтырады деп қорқады.  

Ақмарал ТУМАЕВА, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Бірнеше комиссия келді бірнеше рет. Бірақ, ешқандай нәтиже жоқ. Олар айтады полигон емес, мұндай үйлерде тұруға болады. Бәрі өзіңнен, терезелеріңді ашпайсың, үйге кір жаясың, үйіңнің іші буланады деп.. Хотя, олар мына құрылыстың сапасын ескеріп отырған жоқ.

«Қолжетімді баспанамен» берілген сыз тартқан пәтер бұл ғана емес. Бар қаражатын «үйлі боламыз» деп банкке салған тұрғын көп. Ай сайын 70 000 теңге құяды. Сан соғып қалған тұрғындар сапасыз үйді не сата алмайсың, не тұра алмайсың деп күйінеді.  

Азиза ҮКІМЕТОВА, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Таңертең ұйқыдан тұрсаң, көрпеміз су болып тұрады. Мына сырость, терезені ашып кептіріп аламыз. Кептірмесең, балаларым терлеп, жөтеліп ауырады. Төрт қызым бар, мүгедек балам бар. Осының әсері тие ме деп қорқамын.

Пәтерлердің ылғалдылық деңгейі 80 пайыз. Оны қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өткен жылы анықтаған. Ал санитарлар мұндай үйде тұру адам ағзасына өте қауіпті деп отыр.  

Асима ТҰРДИЕВА, АҚТАУ ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

80 % болса, ол өте қауіпті. Үйдің температурасы 60 пайыздан аспауы қажет. Саңырауқұлақ қалдық шығарады. Ол адам ағзасын улап, аллергиялық ауру тудырады, демікпеге шалдықтырады.

Абылай ТӨРЕХАНОВ, АҚТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: 

Мекеменің қызметкерлері арнайы визуалды тексеріс ұйымдастырды. Акт жасақталды және көгерудің себептерін анықтау бойынша пәтер иелеріне арнайы сараптамалық бағалау бойынша құзіреті бар мекемелерге анықтау мақсатында ұсынылған болатын.

Іске жауапты құрылыс компаниясы бізге жауап беруден бас тартты. Үйдің көгеріп, саңырауқұлық басқанын байқағанмен, кеткен кемшілікті қалпына келтіргісі жоқ. Жұрттың жыл басында жазған арызы әлі ескерілмеді. Енді тұрғындар «пәтерді жөндеп берсін» деп прокуратура мен сотқа жүгініп отыр.  

А. Бектас