Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Таразда сапасыз салынған көпқабатты үй тұрғындары шу шығарды

AstanaTV
19.12.2018ж. 20:00
4070
Таразда сапасыз салынған көпқабатты үй тұрғындары шу шығарды

Ал, Таразда небәрі төрт жыл бұрын салынған көпқабатты үйдің балконы опырылып түсті. «Бәйтерек» шағын ауданындағы 37-ші үй тұрғындары жаңа баспананың сапасы сын көтермейді деп отыр. Айналдырған төрт жыл ішінде қабырғадағы сылақтар сыпырылып қалған. Данияр Әлімқұл тараптарды тыңдады.  

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ: 

Бұл су жаңа үй сапасыз салынғандығымен көзге түрпідей тиеді. Сыртқы сылағы түсіп, сыры көшкен пәтерлердің тұрғындары үйіміз үйіндіге айналама деп қорқады. Бесінші қабаттағы баспананың балконы опырылып түскені осындағы жұрттың қорқынышын одан сайын үдете түскен.

Әп сәтте балконсыз қалған пәтер әкімдікте үй кезігенде тұрған балалар үйінің тәрбиленушісіне берілген еді. Жалпы бұл баспана құрылысы 2012 жылы басталып, осыдан 4 жыл бұрын ғана аяқталған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша бой көтерген бес қабатты үйге кіргендердің барлығы әлеуметтік тұрмысы төмен, көпбалалы және жетім-жесір отбасылар. Олар шаттанып алған үйімізге шамданып кіреміз деп наразы.  

Сандуғаш ТӨЛЕМБЕКОВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Бізден 5 жыл болды су аққанына. Су аққаннан үйдегі электр желілерінің бәрі күйіп жатыр. Ешкім ешқандай шара қолданбайды, келеді, «аха, мақұл, қолданымыз» деп кетеді, жоқ ешкім. Төбемізден жаңбыр ұқсап жауады. Кіргеннен соң 1 жылдан кейін төбеміз тесілді, дала көрінді. Мынандай боп ойылды. Білмеймін енді үйіміз құламаса... Жүгіретін жерлердің бәріне жүгіріп жатырмыз.

Юлия БРЕЗЗЕ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Жаңбыр жауса төбемізден ағады, жел тұрса балконымыз құлайды, ал жер сілкінсе біз өлуіміз керек пе сонда? Мен осыны айтып былтыр қалалық әкімдікке де, құрылыс бөліміне де бардым. Олар маған «Үй болса жаңа, басқа не керек сендерге?»-деді. «Мұндай проблемаларды өздерің шешіп алыңдар»-деп шығарып салды.

Балконның құлауы бейқам отырған жергілікті билікті бей-жай қалдырмаса керек. Атқамінерлер жағдайды жақсы білеміз дейді. Құлаған балконның шығынын да өзіміз көтереміз деп отыр.  

Манат СЕРІКБАЕВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:  

280 мың теңге болды балконның шығыны. Қауіптенетін ештеңе жоқ. Біз бір қарап шықтық, енді сарапшы мамандар қарап шығады. Ол газоблоктан салынған каркасты нысан. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасымен 431 млн теңгеге салынған. «ҚазСтройМонтаж» деген Алматының фирмасы. Сол шығындардың бәрін қосып, ол кісілерге талап арызбен сотқа жүгінеміз.

Шенділер үйдің сапасына қатысты мамандар тексергеннен кейін бір байламға келеміз дейді. Осы мақсатта арнайы комиссия құрғандарын жеткізді. Ал, тұрғындар үрей құшағында күн кешуге мәжбүр.    

Д. Әлімқұл