$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Халық қаңтардан бастап коммуналдық қызмет тарифтерінің төмендеуінен 27,5 млрд теңге үнемдейді

AstanaTV
20.12.2018ж. 20:00
2796
Халық қаңтардан бастап коммуналдық қызмет тарифтерінің төмендеуінен 27,5 млрд теңге үнемдейді

Каңтардан бастап төмендейтін коммуналдық қызмет тарифтерінен халықтың 27 жарым миллиард теңгесі үнемделеді. Бұл туралы Үкімет қабырғасында өткен брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин айтты. Әр аймақта жылу бағасы 17 теңгеге дейін арзандайды. Бұл тұтынушылардың 6 млрд теңгесін үнемдейді. Тіпті ақтөбеліктер үшін жылу ақысы ақпан айында 20 пайызға түседі. Сумен жабдықтау 12 теңгеге дейін, ал су тарту қызметі 6 теңгеге дейін арзандайды. Осылайша жұрттың 2 млрд теңгесі қалтасында қалады. Ал, тұтынушылар газдан 5 млрд теңге үнемдемек. Енді бір текше метр көгілдір отын құны 22 теңге мен 29 теңге аралығында болады. Атырау мен Қызылордада тариф төмен болғандықтан, баға өзгермейді. Жарық бағасы да барлық аймақта төмендемек. Электр энергиясы ең қымбат деген Шымкент пен Түркістан облысында 1 теңгеге дейін арзандайды. Қарапайым халық пен кәсіпкерлер электр энергия тарифінің түсуінен 14,5 млрд теңгені экономдайды.   

Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

60 шаршы метрлік 2 бөлмелі үйде 3 адамнан тұратын отбасының чегі Алматыда 14 жарым мың теңге болса, 1 қаңтардан бастап 13 100 теңгені құрайтын болады. Яғни, 1350 теңгеге арзандайды. Жылына 9 мың 700 теңге үнемдейді. Осындай үйде тұратын Астана тұрғындары қаңтардан бастап 1062 теңге үнемдейді.

Келер жылы пәтер иелері кооперативінің қызметі мен күл-қоқыс, лифт, автобус тасымалының құны да арзандайды. Бұл Астана мен Атырауды қоспағанда. Ал, қоқыс тасу құны тек Алматы, Қызылорда, Ақмола облыстарында өзгермейді. Лифт ақысы Қызылордадан өзге өңірлерде 50 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Кейбір аймақтарда жолақы да арзандайды. Тасымал Түркістан облысында 10 пайызға түседі.  

Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Заң аясында маңызды орган-қоғамдық кеңес құрылады. Оның құрамына Парламент депуттары, бизнес пен қоғамдық бірлестік өкілдері болады. Олар монополистердің инвестициялық бағдарламасын тыңдап, тарифтік жобаларымен танысуға құқылы. Бұл жариялы орган болады.

Г. Меңдеева