Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Қызылжарда құрылысшылар төрт айдан бері жалақы ала алмай жүр

AstanaTV
20.12.2018ж. 20:00
3158
Қызылжарда құрылысшылар төрт айдан бері жалақы ала алмай жүр

Ал, Петропавлда ірі құрылыс компаниясының жұмысшылары төрт айдан бері жалақы ала алмай жүр. «Казградстройдың» қарыз көлемі 30 миллион теңгеден асқан. Құрылысшылар маңдай термен тапқан еңбекақысына зар болып қалған соң, әкімге барып шағымданды. Шаһар басшысы оларды қалай қабылдады? Абзал Құрманкин тарқатады.  

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Жалақы дауы туған «Казградстрой» серіктестігі мына тұрғын үйлердің құрылысын бастаған. Оның бірі, 12 қабатты баспана мемлекеттік бағдарлама аясында салынбақ. Бүгінде құрылыс жартылай бой көтерген. Қазір тоқтап тұр. Бас-аяғы жүзге жуық құрылысшы қыркүйек айынан бері еңбекақасыз қалған.

Қайрат АХМЕТОВ, ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНЫҢ БРИГАДИРІ: 

Электр, дәнекерлеу мамандарының жалақысы 120 мың теңге. Қыркүйектен бастап бір тиын да берілген жоқ. Қазір құрылыс тоқтап тұр. Бізді желтоқсанның 19-нан бастап, қаңтардың 12-не дейін ақысыз еңбек демалысына жіберді. Біздің несиелеріміз, кішкентай балаларымыз бар. Ақшасыз қалай өмір сүреміз.

Ашық есік күнін пайдаланып, құрылысшылар биліктен көмек сұрап келді. Төрт айдан бері тығырыққа тірелген жұмысшылардың мәселесі осылайша әкімнің де құлағына жетті.    

Марат ТАСМАҒАНБЕТОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:  

Бұл проблеманы сотқа жеткізбей шешу керек. Ертең құрылыс компаниясының өкілінің қатысуымен жиналыс құрамыз. Жұмысшылардың жалақысы жаңа жылға дейін төленеді деп ойлаймын.

Ал, құрылыс компаниясының басшысы телефон арқылы ғана тілдесті. Айтуынша, қолда бар қаражат басқа тұрғын үйдің қарызын жабуға жұмсалған. «Кәсіпорынның жұмысшылар алдындағы қаразы 30-35 миллион теңгеге жуықтайды»-дейді. Дегенмен, келесі аптада қарызды жабуға уәде етті.

Александр АВДЕЕВ, «КАЗГРАДСТРОЙ» ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біз 2016 жылы кооперативті үйді салып жатқан кезде денсаулығымның сыр беруіне байланысты мен бүкіл жұмысты өзімнің орынбасарыма тапсырдым. Ол қаражатты жұмсап қойған. Қазір оның атына қылмыстық іс қозғалды. Ал, пайда болған қарызды компания өз ақшасынан өтеуге мәжбүр болды. Сондықтан, қазір қаражат жетіңкіремей жатыр. Келесі аптада жұмысшылардың жалақысынан құтыламыз деп ойлаймын.

Биыл облыста кәсіпорындардың жұмысшылар алдындағы қарызы 280 миллион теңгеден асқан. Еңбек инспекциясының араласуымен бүгінде оның басым бөлігі өтеліпті.

Қайрат ПІШЕНБАЕВ, СҚО МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазіргі уақытта біздің кәсіпкерлердің 11.6 миллион теңге қарызы бар. Оның төртеуі банкрот, біреуі реабилитацияда жүр. Қазірдің өзінде арыздар келіп түсіп жатыр. Міне бүгін ғана казградстройдың жұмысшылары келіп, өзінің өтініштерін білдірді. Біз ертең осы мекемені барып тексереміз.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Еңбек инспекциясының тексерісі он күнге созылмақ. Айта кету керек, осы құрылыс компаниясының жұмысшылары сан мәрте кешіккен жалақыға қатысты шағымданған болатын.

А.Құрманкин