Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Атырауда жүкті әйелдерге генетикалық сараптама жасау үшін қажетті химиялық қоспа жоқ

AstanaTV
09.02.2017ж. 20:00
7098
Атырауда жүкті әйелдерге генетикалық сараптама жасау үшін қажетті химиялық қоспа жоқ

Атырауда жүкті әйелдер генетикалық скринигтен өткізілмей жатыр. Өйткені қан сараптамасына қажетті химиялық қоспа жоқ. Перинаталдық орталық басшылығы мұны қаржының кеш бөлінуінен деп отыр. Генетикалық скрининг құрсақтағы баланың хромосомалық ауытқулардан болуы мүмкін ауруларды анықтайды. Ал сәбиінің денсаулығына алаңдаған аналар көп. Базаргүл Нәдірқызы тақырыпты тарқатады.

22 жастағы Айгүлдің бұл алғашқы жүктілігі. Сондықтан дәрігерге уақытылы тіркеліп, айтқанын бұлжытпай орындап жүр. Генетикалық сараптамаға да қан тапсырған. Енді қорытындысын күтіп жүр. Күте-күте уайымға батқан, бірақ камераға қарап айтуға жүрексінеді.

Айгүл, Атырау қаласының тұрғыны:

Мен генетикке қан тапсырған едім қаңтардың аяқ жағында. Бірақ екі апта уақыт болды. Қорытындысы шықпай жатыр. Маған негізі дәрігерлер бір аптаның ішінде шығады дегесін, барып сұраймыз, олар «әлі шықпады» дейді. Бірінші баламыз болғандықтан, денсаулығына алаңдаймыз. Дәрігерлер «әзір қорытындысы шықпай жатыр, өзіміз хабарласамыз» дейді.

Айгүлдің ғана емес, 222 жүкті әйелдің қан сынамасы алынған екен. Ол перинаталдық орталықта сақтаулы. Қорытындысы дайын емес. Өйткені талдау жасайтын қажетті реактив, яғни химиялық қоспа уақытылы жеткізілмеген. Бұған жыл басында скринингке бөлінген қаражаттың кешіктірілуі себеп. Мамандар осылай деп отыр. Былтырдан артылған реактивтермен жыл басынан бері екі мыңға тарта әйелге скринигтік сараптама жасалған. Оның 115-і күмәнді болып, тіпті біреуінен клиникалық ақау анықталыпты. Ал қалғанына реактив жетпей қалған.

Асқар Кенжеғалиев, Атырау облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

Күні бүгін «Астана дәрі» компаниясымен шарт жасалып, соның  5-7 күннің ішінде қолымызға реактив келеді, сонда барлық қан сынамалары тексеруден өткізіледі, деп ойлаймыз. Бірінші боп тұрған жағдай емес, бұған дейін де бір апталап, 5 күндеп, болмай қалатын кездер болады арасында.

Ананың жатырында жатқан кезде-ақ баланың денсаулығындағы ақауды анықтайтын генетикалық скрининг елімізде 2008 жылдан бастап енгізілген. Содан бері 65 нәресте хромосомалық аурумен дүниеге келген. Болашақ сәбиінің өмірге қатерлі дертпен, мүгедек болып туылатынын біле тұра, одан бас тартпайтындар да бар.

Мәселен, облыстық перинаталдық орталықтың дерегінше: 2014 жылы 15, 2015 жылы 20, 2016 жылы тіпті 30-ға жуық науқас бала дүниеге келген. Дәрігерлер мұны дін жолындағылардың көбеюімен түсіндірді.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Бұған дейін жүкті әйелдерді скринигтен өткізу үшін қаржы облыстық бюджеттен бөлініп келді. Биылдан бастап республика бюджетке енген. Атырау облысына 80 миллион теңге қарастырылып отыр. Оған 15-17 мың әйелді сараптамадан өткізу көзделген. Денсаулық сақтау министрлігі конкурс өткізіп, тасымалдаушыны анықтапты. Енді бір аптада химиялық қоспа Атырауға жеткізілуі тиіс деді мамандар.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ