Негізгі / Жаңалықтар / Қала кәсіпкерлеріне шағын несиелеуге бөлінген қаржы игерілмей қалды-М. Әшімбаев

Қала кәсіпкерлеріне шағын несиелеуге бөлінген қаржы игерілмей қалды-М. Әшімбаев

Осындай кедергілер әсер етті ме, қалаларда кәсіпкерлерді шағын несиелеуге бөлінген қаржы игерілмей қалды. Жоспар бойынша 3 мың адам несие алу керек болса, небәрі 1 мыңы ғана қаржыландырылған. Президент Жолдауы мен бастамаларын іске асыру барысы талқыланған «Нұр Отан» партиясының жиынында бас партия төрағасының бірінші орынбасары осылай деді. Мәулен Әшімбаев мысал ретінде Атырауда 13, Астанада 31 адамның ғана шағын несие алғанын айтты. Қала кәсіпкерлерін шағын несиелендіруге бөлінген 2 млрд теңгенің 62 пайызы игерілген. Желтоқсан айында игерілмеген 7,7 млрд теңге қалып отыр. Оның 26 пайызы «Даму» қорында, 47 пайызы екінші деңгейлі банктерде жатыр. Сондықтан, Мәулен Әшімбаев қор банктермен тиімді жұмыс жүргізе алмай отырғанын сынға алды. Ал, екінші деңгейлі банктердің ішінде «ВТБ» банкі бір де бір несие бермеген.  

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Осы ретте сұрақ туындайды. Неге біздің филиалдар, аймақтық кураторлар, мәслихаттағы біздің фракция бұл мәселені көтермейді? Шағын несиелеудегі жоспарлы көрсеткіштер үлесі аз болып отырғанын неге айтпаймыз? Әрине, жүйелі проблемалар бар. Халықтың несиесі бар, несие тарихы кедергі жасайды, т.с.с. Бірақ, біз оны көтеру керекпіз. Мәселені «Дамудың», Ұлттық экономика министрлігі алдына шығарып, шешу жолдарын қарастырып, қажет болса заңға өзгеріс енгізу керекпіз. Неге үнсіз отырмыз? Президенттің бұл бастамасы орындалмай отыр деуге болады.

Ал, «7-20-25» бағдарламасы бойынша мұқтаж отбасыларға алғашқы жарнасын төлеп беру механизмі қарастырылмай отыр. Әкімдіктер өзге өңірлердің озық тәжірибелерін енгізуге асықпайды. Тіпті, үй кезегінде тұрғандардың қаншасының жеңілдетілген несие алуға қауқары жететіндігі белгісіз. Жаңа үйлер тапшылығын жою үшін инвесторлар да тартылмай отырған көрінеді. Мәулен Әшімбаев партиялық комиссиялар Президент араласпайынша тарифтер бағасының қымбаттығын көтермегенін де сынға алды. Бұдан былай партия 3 деңгейлі бақылау жүргізбек.  

Г. Меңдеева