$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбеде тігін цехында нан тауып отырған қырыққа жуық мүгедек жұмыссыз қалуы мүмкін

AstanaTV
21.12.2018ж. 20:00
3854
Ақтөбеде тігін цехында нан тауып отырған қырыққа жуық мүгедек жұмыссыз қалуы мүмкін

Ақтөбеде мұнай компаниясы сот арқылы мүгедектерді айыппұл төлеуге міндеттеп, тігін цехын мемлекеттік тапсырыс алу құқығынан айырды. Екі жыл бұрын ашылған тігін цехы қалада психикалық ауытқуы бар жандарды жұмыспен қамтып отырған жалғыз мекеме. Ол бір жарым жылға жұмыстан шеттетілді. Салдарынан қырыққа жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін. 

Бұл тігін машиналарында тірек-қимылы мен псикикасында ауытқуы бар адамдар жұмыс істейді. Әзиза Қыпшақова үшінші топтағы мүгедек. Ол цех ашылғалы осында еңбек етеді. Айына қырық мың тауып, отбасын асырайды. Цех жабылады деген қауесет тарағалы уайымы күшейген.   

Әзиза ҚЫПШАҚОВА, ТІГІНШІ: 

Біздерге жұмыс табу қиын инвалид адамдарға. Қай жерге барсақ та таяғыңды тығып қой, өйтіп қой, бүйтіп қой деп айтады. Мысалы, осы цех ашылғалы жұмыс істеп келеміз. Ай ма ай айлығымызды аламыз. Енді осы цехтың жабылмауын қалаймыз.

Цех мұнай компанияларының тапсырысы бойынша төсек-орын жабдығын тігіп келген. Биыл «Қазақойл Ақтөбе» мұнай компаниясы құжаттарынан қателік тауып, сотқа беріпті. «Қазақстандық сертификат әр өнімде болуы тиіс»-дейді. Сот мұнай компаниясының шағымын жартылай қаңағаттандырып, мүгедектерге 100 мың теңге айыппұл салған. Соның кесірінен мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқынан айырылып отыр.  

Александр ЯГОДКИН, «ЖАН ШУАҚ» МҮГЕДЕКТЕР ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Осы мекеменің арызы негізінде біз жауапсыз тауар өндірушілер тізіміне ендік. Енді «Самұрық Қазына» порталына мемлекеттік сатып алуларға қатыса алмаймыз. 18 айға дейін қатысуға құқымыз жоқ. Сондықтан, жабылу алдында тұрмыз.

Александр Ягодкин мұнай компаниясымен келісім-шарт жасасқанда әр тауарға жекелеген сертификаттың болуы көрсетілмеген деп отыр. Тапсырыс беруші төсек-орын жиынтығының сапасына шүбә келтірмейді. Бірақ, бәрібір сертификат талап етіп отыр.   

Нұржан НАУРЫЗБАЙ, «ҚАЗАҚОЙЛ АҚТӨБЕ» ЖШС ЗАҢ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Тапсырысты орындаушы мыңнан астам төсек орын жабдығын тапсыру керек. Оларда сапа сертификаттары бар. Бірақ, бұйымның қазақстандық стандарт сертификаты мың данаға біреу ғана беріп отыр.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: 

Бұл цех 2016 жылы ашылған болатын. Ол Ақтөбедегі психикалық ауытқуы бар жандарды жұмыспен қамтып отырған жалғыз мекеме. Тігін цехы жабылатын болса, қырыққа жуық адам жұмыссыз қалмақ.

Б. Рахметова