Шымкенттік жасөспірім Бауыржан өзінде иммун тапшылығы вирусы барын елімізде ашық айтқан тұңғыш бала. Өзі сияқты титтей де кінәсі жоқ балаларға көмектескісі келеді. Бауыржан 12 жыл бұрын вирус жұқтырған 150 дей баланың бірі. Естеріңізде ғой, сол кезде медицина қызметкерлерінің кесірінен сонша бала зардап шеккен. Кейін қайтыс болғандары бар. Қаншама азап... Ең жаманы – қоғамның осындай ауруы бар адамдарға үрке қарайтыны. Оны жұқтыру жолдарын білмегендіктен. Иә, Шымкенттегі жағдай – ауруханада қан құю кезінде жұғу оқиғасы адамды сескендіреді. Бірақ иммун тапшылығы вирусы бар балалардың мүлдем жазығы жоқ. Оларды кемсітуге, олардан қашуға болмайды. Айзада Төребекқызының материалы.
Бауыржан БАЙДУЛЛАЕВ:
Алғаш маған статусым жайында 5 жасымда айтқан. Әкем мен анам вирус туралы бала тілімен жеткізді. Менің қанымда «жаман солдаттар» бар екен. Егер мен дәрілерді тұрақты ішіп тұрсам оларды «жақсы адамдар» алмастырады деп түсіндірді.
13 жаcтағы Бауыржан Байдуллаев «жаман солдаттардың» ВИЧ инфекциясы екенін 11 жасында түйсігімен түсінгенін айтады. Бауыржан өз диагнозын ашық айтып жүрген еліміздегі жалғыз бала. Айтуға тура келген жағдайлар болған...
Бауыржан БАЙДУЛЛАЕВ:
Бір күні дене шынықтыру сабағында ойнап жүргенде қарсылас командадан ұтылып қалдық. Сол кезде командамыздағы бір бала қатты ашуланды. Жеңілісімізге ол мені кіналап, соңында мені «ВИЧ-сің» деп айтып салды. Дәрменсіздіктен киінетін бөлмеге бардым да ағыл-тегіл жыладым.
Бұл 5-сыныпта оқып жүрген кезінде болған жағдай. Қатты күйзеліске түскен балаға алғашқы көмекші тағы да ата-анасы. Баласы мектеп табалдырығын аттар алдында ВИЧ турасында мектептегілерге тренинг өткізген Бауыржанның әкесі сол жолы да біраз сөйлескен. Ата-аналарға, мұғалімдерге, сыныптастарына иммун тапшылығы вирусы дегеніміз не? Ол қайдан және қалай жұғатынын жіті түсіндіріп берген. Осыдан соң өзіне үрке қарайтындардың қатары едәуір азайғанын айтады, Бауыржан. ВИЧ адамнан адамға жәйдан жәй жұға салмайтынын түсінгесін достары да көбейіпті. Қазір өзі де арнайы топ құрып, тағдырлас, бірақ «көрінбейтін» балаларға жәрдемдесіп жүр.
Бауыржан БАЙДУЛЛАЕВ:
Біз достарымызбен құрған топта «ВИЧ» деген не, ол қалай беріледі, не себепті дәрілерді ішуіміз керек деген сынды сұрақтарды ашық талқылаймыз. Онда әзірге тек шымкенттік балалар ғана бар. Жалпы,біз секілді адамдарға айналадағылардың көзқарасын өзгерту үшін, бірінші кезекте қоғамды құлағдар ету керек. Өйткені адамдар ВИЧ-тің не екенін әлі толыққанды түсінбейді. Білмейді. Жұғу жолдарын да дұрыс түсіндейді. Сол себепті ВИЧ екеніңді естісе болды, жақындамауға тырысады.
Қанат ӘЛСЕЙІТОВ, БАУЫРЖАН БАЙДУЛЛАЕВТЫҢ ӘКЕСІ:
Өкінішке орай, мұндай балалар «көрінбейтін балалар». Қазақстанда олардың саны 450-дің үстінде. Олар да еркін өмір сүргісі келеді, қоғам алдына ашық шығып мәселесін айтып, жеткен жетістігін жария еткісі келеді. Бұға бермей, белсенді болғысы келеді. Бұл дұрыс. Себебі біз - ата-аналар олардың жанында мәңгі жүре бермейміз ғой. Бірер жылда олар кәмелет жасына толады.
Бірақ қоғам оларды қабылдауға дайын ба?! Қаншалықты әзір?! Міне, иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандардың көкейіндегі басты сұрақ осы. Сондықтан мамандар келер жылдан бастап баланың статусын алты жастан бастап ашуға әрекет етпекші.
Мадина АМАНОВА, «АНА МЕН БАЛА» ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПСИХОЛОГЫ:
6 жастан дегенде біз 6 жаста айтпаймыз, просто 6 жастан бастап біз дайындық жұмыстарын жүргіземіз, яғни иммундық система, вирус және оның әсері, АРТ препараттары туралы сөйлесеміз, ал кейін өзінің уақытысы келгенде атауын айтып, баланы ары қарай сүйемелдеу жұмыстарын жүргізе бастаймыз. Ерте ашылғанның бір жақсы жері онда қорқыныш сезімінің деңгейі төмен болады. Өйткені біз ақпаратты балаға адаптациялап береміз.
Бұрындары статус ашуға алғашқы қадам 10-12 жас шамасында жасалып келіпті. Соған қарамастан біршама қиындықтар бар көрінеді.
Жаннета ЖАЗЫҚБАЕВА, «ЖИТС-ТЕН БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ» ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Кейбіреулері өздері діни жағынан «балаларым бұл аурумен ауырмайды, ол әшейін Алланың берген бір несі, ол өтірік, ол бизнес, сынақ, ақша істеудің амалы» деп, өздерінің ойларымен қалыптасып кеткен біраз ата-аналар бар. Бірақ олар санаулы, 7-8 ата-ана сондай.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Мамандардың дерегінше Шымкент қаласы мен Түркістан облысында 1824 адам ВИЧ инфекциясымен арнайы есепте тұрады. ЖИТС-тен балалаларды қорғау қорының мәліметінше солардың 250 ден астамы кәмелет жасына толмағандар. Осы күнге дейін 150 ден астамының статусы ашылған. Биыл 25 балаға қауіпті кеселге шалдыққаны ашып айтылса, психологтар келер жылы тағы отыз баланың статусын ашамыз деп отыр.
Республикалық СПИД-тің алдын алу және онымен күрес жөніндегі орталықтың дерегінше елімізде ВИЧ індеті бар 22 мыңнан астам адам диспансерлік есепте тұрады. Соның 59 % ер азаматтар екен. Дегенмен кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш аздап төмендеп келеді Мәселен, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында соңғы 11 айда 188 адамнан вирус анықталған. 2017 жылы 204 болған.
Шымкенттегі СПИД орталығы мамандарының мәліметінше биыл жүктілікпен есепке тұрған аналардың арасында да осы кесел анықталғандары бар. 63-і ана ВИЧ індетті. Соның 33-і иммун тапшылығы барын аяғы ауыр кезінде бір -ақ біліпті. Қазір 47-сі баласын бауырына басып үлгерген. Құдай сақтап, сәбилері вирустан аман. Мамандар мұны аналардың қажетті ем-домды уақытылы қабылдауының нәтижесі екенін айтады.
Қожахмет МАШИРОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖИТС-ТІҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ОНЫМЕН КҮРЕС ЖӨНІНДЕГІ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ең негізгі жұғу жолы –жыныстық қатынас. Бұл жұғудың үлесі анықталған жағдайлардың ішінде 80 пайызға дейін жетедіжәне екінші жұғу жолы –қан арқылы, үшінші жолы- анадан балаға. Бірақ осы профилактикалық ем арқасында біздің облысымызда анадан балаға берілу жағдайлары тіркелген жоқ соңғы екі жылда.
Ал иммун тапшылығы вирусын жұқтырған ересектердің басты проблемасы - жұмысқа тұру.
Жаннета ЖАЗЫҚБАЕВА, «ЖИТС-ТЕН БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ» ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Медицина саласында, әскери саласында істегендер ғана ВИЧ-ке тапсырады. Ал қалғанында оны талап етпейді. Оларбасқаларға ешқандай қауіп келтірмейді. Біздің балалар көбінесе айтып отырым ғой 13-15-17 жас, то есть бес жылдан кейін бұл мәселе қатты талқыланады.
Иә, қазірден ойланатын мәселе. Биыл сегізінші сыныпта оқып жүрген Бауыржан бұл қиындықты әзірге білмейді. Ол болашақта дәрігер болғысы бар. Жақсы оқуға тырысып жүр. Дәрігерлікті қалауы айтпаса да түсінікті. Жасөспірім иммун тапшылығы вирусын емдеудің тың тәсілін тапсам, өзі секілді, бірақ «көрінбейтін балаларды» емдесем дейді.
Бауыржан БАЙДУЛЛАЕВ:
Менің дәрігер болғым келеді, осы тақырыпты тереңірек біліп, өзім секілді адамдарды емдеу үшін. Ғылым бір орнында тұрған жоқ. Мен алдағы бірнеше ондаған жылда вакцина табылып, тіпті ВИЧ инфекциясы жойылатын да болар деп ойлаймын...
Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт»