Атырауда, Жайық өзенінде балық қырылғаны мәлім. Бүгінге дейін 5 тоннасы жиналған. Өлген балық Жайық өзенінің Атырау қаласындағы бөлігінен бастап Дамбы елді-мекеніне дейін шашылып жатты...Қырылып қалған балықтар табан, қылышбалық, айнамкөз, мөңке деген. Бекіре де бар екен. Бекіре өсіретін зауытта 30 мыңдай балық қырылғанын зауыт басшысы біздің тілшіміз Базаргүл Нәдірқызына айтты. Көрсетті. Эксклюзив кадрлар. Әрине, тамсанатын сурет емес. «Обал-ай!»-деп бас шайқайсың.
«Луговой жылқы өсіру зауыты» кәсіпорнының Атыраудағы бөлімшесі балық өсірумен айналысады. Міне, көріп отырсыздар - әр жерде шашылған бекіре өлекселерінен аяқ алып жүргісіз. Жұмысшылар бағалы балықтарды судан шығарып, текшелеп жинап жатыр. Сосын түрлі орган мамандарынан құралған комиссия келіп санайды. Мұнда 200-дей шағын табиғи бассейнде 30 мың бекіре қыстап жатқан болатын. Енді олардың бірі де жоқ.
Әміржан ШАУДАНОВ, «ЛУГОВОЙ ЖЫЛҚЫ ЗАУЫТЫ» ЖШС АТЫРАУ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:
Осы күнде бізде 200 садок бар осындай. Соның 176 садокта балық бар. Каждыйында 150-ң айналасында. Барлығының санын санағанда 30 мың балық қазір бар. Енді біз балық өле бастағанын алтысы күні көрдік. Комиссия шақырып, мында қарап кетті. Судың анализін алып, балықтың анализін алып. Пайызбен қарағанда, кешегі 4 садок, бүгінгі түске дейінгі тағы 3 садок көтерілді, соның ішінде процентке шаққанда 3-4 проценттен аспайды тірілері. Қалғандары бәрі өлі шығып жатыр. Садоктың бәрін тазалап шықпай, шығынды айта алмаймыз.
Мұндағы бағалы балықтардың салмағы екі келіден басталады. Отыз келі тартатындары да бар. Аналық балықтарға арнайы чип салынған. Олардан көктемде уылдырық алу жоспарланған еді.
Қазбек ШӘРАПИДЕНОВ, БАЛЫҚ ӨСІРУШІ:
Бұның бәрі аналық балықтар. Келесі жылы уылдырық аламыз деп отырған осындай балықтың алты жүзбалығы өліпқ алды.
Нарықта бекіренің бір келісі 3 мың теңгеден асады, ал уылдырықтыңкелісі кемі 300 мың теңге. Кәсіпорынныңшығынын есептеуге математик болудың қажеті жоқ. Жұмысшылардың есіл еңбегін айтпағанда.
Ал бұл - Жайық. Мұндағы шығынды есептеу мүмкін емес. Балық өлекселері шашылып жатыр. Көрініс адам шошырлық. Желтоқсанның басында басталған балық қырғынына тоқтау болмай тұр. Жайық өзенінің қаладағы бөлігі ғана емес, ауылдардың маңында да байқалады. Тиісті органдар «5 тонна балықты жинадық» дейді. Алайда көрген көз есептен жаңылары анық. Мұндайды бұрын-соңды байқамаған халық қорқып қалды. Ауызсу сапасына алаңдап, жеңсік асын жеуге күмәнданды. Бірақ жергілікті шенділер ғана алаңсыз. Экология департаментіндегілер «Жайық суы - таза» деуден танбай отыр.
Қайратқали ХАЙРОЛЛА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
3 желтоқсаннан бастап экология департаменті мамандары 20-дан астам су сынамаларын алды. Қазіргі таңда су сынамаларының 90 пайызы дайын.Су сынамаларындағы көрсеткіштер біздің мәлімет бойынша қауіпті емес. Барлығы нормада. Қазіргі таңда экологиядан ешқандай болжам жоқ. Неден екені белгісіз.
Болжам биліктегілерде ғана жоқ секілді. Бұған дейін балықтан аммиак табылғаны айтылған еді. Бекіре зауытының басшысы Әміржан Шауданов та ең алғашқы тапсырылған сынамада хлорид көрсеткіші нормадан екі есеге дейін артық болғанын айтып отыр.
Әміржан ШАУДАНОВ, «ЛУГОВОЙ ЖЫЛҚЫ ЗАУЫТЫ» ЖШС АТЫРАУ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:
6 декабрьде алынған экспертиза су таза деп беріп отыр. Бірақ олардың алдындағы экспертиза экологиядан алдым. Экспертиза көрсетіп отыр- превышение хлоридов. Егер 300 ПДК допустимый, бізде анализ көрсетіп отыр - 557 ПДК содержание хлоридов. То есть явный идет отравление.
Жедел қимылдамағанның кесірі. 60 жылға тарта балық шаруашылығында қызмет еткен Бостан Сүлейменов тиісті органдар уақытында бірігіп жедел шара қолданбағанындықтан кешігіп қалды дейді.
Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ, БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ АРДАГЕРІ:
Уақыт өтіп кеткесін өлетін, нағыз отравление алған балық төмен қарай ығып кетеді. Не болғанда да шұғыл шара сол кезде қолданбаса, оның анығын білу қиындап кетеді. Барлық организациялар әрбіреуі өзінің жұмысымен, ешкім шұғыл түрде шара болмай қалды. Лаборатория жағы бізде кемшін, лаборатория Россия бар қасымызда, жақын Астрахань, Алматыда институт бар, шұғыл түрде соларды сол кезде тарту керек еді.
Сынамаларды шетелдік зертханаларғада жіберу ұсынысын балық өсірушілер де қолдайды. Өйткені салыстырмалы түрде нақты нәтиже алу оңайырақ. Балық өсірумен айналысатын Алтынай Сүгірәлиева оқиға болғалы айға жуық уақыт өтсе де көп сауалдың әлі күнге жауабы табылмай тұрғанына күдікпен қараушылардың бірі.
Алтынай СҮГІРАЛИЕВА, БАЛЫҚ ӨСІРУШІ:
Қазір Жайық бетінде мұз. Ал мұз астында не бары әзірге белгісіз. Қырылған балықтың көлемі тек мұз түскен соң ғана белгілі болады. Меніңше, суды ластаушы мекеме химиялық өндіріспен айналысатын мекеме. Ал күдіктіме кемелердің қатарында бекіре балық өсіретін екі зауыттың болуы ақылға қонымсыз. Олар ешқандай химикат пайдаланбайды ғой!
Иә, қазір Жайық суын пайдаланушы 4 мекеме күдікке ілініп тексеріс басталды. Олар Атырау су арнасы, Атырау жылу электр орталығы мен бекіре өсіретін екі зауыт. Шенеуніктер алғашқы қорытындыны 28 желтоқсанда хабарлаймыз деп отыр. Балық қырылу дерегі бойынша екі қылмыстық іс те қозғалды. Бірақ әлі күнге су маржандарының қырылуына байланысты бірде бір болжам айтылмай отыр. Бұл, әрине, бүркемеленген дүние бар ма деген күдікті ұлғайтады. Салғырттықты былай қойғанда.
Базаргүл Нәдірқызы «Біздің уақыт»