«Astana Hub» IT-технопаркінің ашылғаны кеше, ал жобалар жүзеге аса бастады. Жас стартаперлер адасып не жоғалып кеткен балаларды іздеуге арналған қосымша жасап шығарды. Жоба авторларының сөзінше, бағдарламаны қолданушы ата-ана енді баласының қайда жүргенін уайымдамаса да болады. Арнайы қосымша жасөспірімнің жүріп өткен жолы мен тұрған жерін дәлме-дәл көрсетіп береді. Бағдарламаның басқа да артықшылықтары келесі материалда.
Енді балаңыздың қайда жүргенін, қай жолмен үйге қайтып келе жатқанын бақылап отыру үшін бір ғана мобильді қосымша жүктеп алсаңыз жеткілікті. «SIRIUS» бағдарламасы қараша айында іске қосылған. Бір ай өтер-өтпестен ата-аналар арасында кеңінен танылып үлгерді. Мәселен, Мақсат Ахметбек үшін бұл қосымша 3 баласын бақылауда таптырмас құралға айналып отыр.
Мақсат АХМЕТБЕК:
Паркте қыдырып жүргенде, қызымыздың қайда кеткенін білмей қалып, жоғалтып алдық. Бір жарты сағат іздеп, полицейскийларды қосып, әзер таптық қызымызды. Қызымыз қорыққан. Бірақ, аман-есен. Сол кезде бала қауіпсіздігінің өте маңызды екеніне көзім жетті өз басым. Сол себепті, қосымшаны жүктеп қолданып жүрмін. Балаларыма бұл қызметтің керек екенін түсіндіріп, жеткізгеннен кейін, балаларым бұны түсініп, олардың қайда жүріп жатқанын біз көріп отырамыз.
Бұл біз естіген бір ғана оқиға. Бірақ, соның өзі смартфондарға арналған қосымшаның қаншалықты қажет екенін дәлелдеуге жеткілікті. Идея авторы Талғат Аяповтың айтуынша, жобаны жасап шығаруға жарты жылдан артық уақыт кеткен екен. Ал, «Astana Hub» технопаркінің арнайы бағдарламасының арқасында оны одан әрі жетілдіріпті.
Талғат АЯПОВ, «SIRIUS» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Қазір біз қосымшаға түрлі функциялар енгізу жағын қарастырып жатырмыз. Балалар телефонға тәуелді болып кеткен. Сондықтан, смартфонды пайдалану уақытын шектейтін блокиратор қосқымыз келеді. Ол іске қосылғанда қоңырау шалу және хабарлама жіберу функциялары ғана қалады.
Қосымшаны іске қосуға 2 млн-нан артық қаржы жұмсалыпты. Қазір бағдарламаны 2 мыңнан астам адам пайдаланады. Демек, сонша баланың қауіпсіздігі үшін ата-анасы алаңдамайтын болды. Жобаны әзірлеушілер жасөспірімді осылайша бақылау арқылы оқыс оқиғалардың алдын алуға болатынын айтады. Бұл бастаманы полиция департаментіндегілер де құптап отыр.
Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Жоғалатындардың көпшілігі-ата-анасын ескертпестен үйінен шығып кеткен балалар. Телефонының қуаты сөнген жасөспірімдерді де ата-аналары байбалам салып іздеп жатады. Сондықтан, біз бұл жобаны қолдаймыз. Біріншіден, бұл балалардың қауіпсіздігі үшін керек. Екіншіден, ол полицияның жұмысын жеңілдетеді.
Полицейлер дерегіне сүйенсек, осы жылы астаналықтардан кәмелетке толмаған балалардың жоғалғаны жөнінде 180 арыз түскен. Былтыр да 200-ге жуық жағдай болған.
Д. Қайыртай