$481.84 €531.33 ₽5.07
×

Шымкенттік кәсіпкерлер өнімін Өзбекстанға экспорттай алмай отыр

AstanaTV
25.12.2018ж. 20:00
3410
Шымкенттік кәсіпкерлер өнімін Өзбекстанға экспорттай алмай отыр

Қазақстандық экспорттаушылар Өзбекстан нарығында бәсекеге түсе алмай отыр. Мәселе сапада емес, бағада. Онда акциз салығының пайызы тым көп әрі қосымша құн салығы да Қазақстанға қарағанда жоғары. Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің дерегінше, Өзбекстанға тауарын экспорттай алмай отырған оншақты кәсіпорын бар. Экономикалық алыс-берістегі тепе-теңдіктің сақталмау себебін Айзада Төребекқызы анықтап көрді.  

Өзбекстандық Бекзод Турсуметов соңғы 15 жылдан бері екі ел арасында тауар тасымалдаумен айналысып жүр. Шымкентте өз кәсібін жандандырған ол биылдан бастап қоғамдық тамақтандыру саласына ден қойыпты. Ол біздегі кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдауға қызығады.    

Бекзод ТУРСУМЕТОВ, ӨЗБЕКСТАНДЫҚ КӘСІПКЕР: 

Қазақстанда бастан 12 % НДС болған. Өзбекстанда 20 %. Әрине, біз Қазақстанға импорт жасап, зат әкелетін болсақ, біз таможняда 12 % төлейміз. Біздің әкелген тауар Ресейден келеді ме, Өзбекстаннан келеді ме, басқа жерден келеді ма 8 % арзан болады. Осы жағынан әрине Қазақстан өте ыңғайлы, өте бизнес үшін керемет өлке десе де болады.

Ал, Шымкенттегі кілем фабрикасының директоры Талғат Ысқақов Өзбекстан нарығына шыққысы келеді. Жылына 3 млн шаршы метр кілем тоқитын фабрика тауарының 30 пайыздайын Ресей, Тәжікстан мен Қырғызстанға экспорттайды. «Жақын жатқан Ташкентке шығару болар еді. Бірақ, ол жақта салық тым қымбат»-деді.    

Талғат ЫСҚАҚОВ, «БАЛ ТЕКСТИЛЬ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: 

Өзбекстанға біз экспорттайтын болсақ ол жерде кілем өнімдеріне 30 % акциз салығы бар. Одан бөлек 20 % қосымша құн салығын төлеу керек. Сонда 50 пайызбен ол жерде біз бәсекелес бола алмаймыз. Өзбекстан елі ол өзінің ішкі нарығын өте жақсы қорғайды.

Аймақтағы кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің мәліметінше, Шымкент пен Түркістан облысында кілемнен өзге түрлі сусындар, азық-түлік, бірқатар құрылыс заттарын Өзбекстанға шығаруға ынталылар көп. Әзірге шығынға қарамастан шекара асырылып жатқаны керамика өнімдері ғана.   

Данияр ДӘРМЕН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Себебі, өзбекстандық керамика өндіруші зауыттардың сапасы едәуір төмен. Сол себепті сұраныс бар ол жақта.

Кәсіпкерлердің базынасын палата өкілдері ұлттық экономика министрлігіне әлдеқашан жеткізген. Бірақ, әлі күнге нақты шешімдер қабылданбаған.  

Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ: 

Өзбекстандық әріптестермен екі жақсы келіссөздерде біз жыл сайын, тоқсан сайын акциздерді төмендету мәселесін көтеріп келеміз. Ол жақта біраз тауарға акциз бар. Иә, бұл екі ел арасындағы сауда-саттықта өз кедергісін келтіреді. Біз тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Өзбекстан тарапы 1 қаңтардан бастап өзбек заңнамасымен бірқатар пакеттерді төмендетуді көздеп отыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:  

Акциздердің нақты қай тауар түрлерінен алынып тасталатыны немесе қанша пайызға төмендетілетінін Ұлттық экономика министрі ашып айтпады. Ал, шымкенттік кәсіпкерлер акциз салығы алынып, салық теңеспейінше көрші ел нарығына шығып, бәсекеге түсу қисынсыз деп отыр.

А. Төребекқызы