Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Ақтау әкімдігі инвестормен тағы соттаспақ

Ақтау әкімдігі инвестормен тағы соттаспақ

Инвестордан сотта жеңіліп қалған Ақтау әкімдігі, апелляциялық арыз түсірмек. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров мәлімдеді. Оның айтуынша, шетелдік инвестор көшедегі жарық шамдарын уақытында орнатпаған. Мәселе 500 млн теңге жайында. Бұл Каспий саммиті қарсаңында қалаға жеткізілуі тиіс 2 мың шамның ақшасы. Сондықтан, шенеуніктер инвестордың келісімшартты бұзғананын қалайда дәлелдемек. Таңдау компанияға тегін түспеген. Олар өткен жылы пилоттық жобамен қаладағы басты көшенің бірін жарықтандырған. Жоба сәтті шығыпты. Шамдар электр қуатын 70 пайыз үнемдеген соң, әкімдік таңдауы осы компанияға түскен.  

Жангелді ӘУБӘКІРОВ, АҚТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Олар 25 шілдеде барлық 7239 шамды орнату қажет болатын. Алайда, бізге тек 14 тамызда бар болғаны 2000 шамды жібереді. Ал, саммит 12 тамызда өтіп кетті. Сондықтан, біз компаниядан шамның қашан келетінін күтіп отыра алмадық.

Айта кетейік, бұған дейін 500 млн теңге шығын шектік деген шетелдік инвестор сотта жеңіске жеткен. Дегенмен, инвестор адвокаты әкімдік бұл шығынды өтемей отырғанын мәлімдеген еді. Шетелдік компания келісім бойынша шаһарға 7 мың 239 шам орнатуы тиіс болған. Бірақ, алдымен 2 мың данасын жеткізген. Жүк қазір қалада тұр. Ал, тапсырыс берген әкімдік бір тиын да төлемеген.  

А. Бектас