Қазақстанда Қытайды зерттейтін институт ашылуы мүмкін. Бүгін депутат Мұрат Бахтияр жылды қорытындылаған Сенат отырысында осындай ұсыныс жасады. Ол: «Аспан асты елінен қорықудың қажеті жоқ. Керісінше, тиімді тетігін тауып, инвестицияны көбейтуіміз керек»-деді. Шынымен-ақ, Қытай қазір Қазақстанға ең көп инвестиция құятын әлемдегі төртінші ел. 12 жыл ішінде Қытайдың Қазақстанға салған тікелей инвестициясы 13 млрд доллар, жалпы экономикаға құйған инвестициясы 42 млрд долларды құраған. Көбіне Қытай біздің табиғи ресурстарымызға ақшаларын салған. Соңғы 10 жылда көрші елге 110 млн тонна мұнай, 180 млрд текше метр газ тасымалданыпты. Қазақстандағы мұнай мен газ өндіру саласындағы қытайлық компаниялар үлесі 22 пайызды құрайды. Яғни, елімізде өндірілген 82 млн тонна мұнайдың 30 млн тоннасы Қытай компанияларының үлесінде.
Мұрат БАХТИЯРҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Біздің қоғамда ақпарат құралдарында Қытайдан үрейлену сақтану секілді тенденция жиі көрініс беруде. Мұның басты себебі-осыған терең негізде сараптама жасап, халыққа түсіндіріп жауап беретін елімізде арнайы түрде Қытайды зерттейтін бірде-бір институттың болмауында. Ал, Қытайда Қазақстанды Орталық Азия елдерін қоса алғанда зерттейтін 22 орталық пен институт бар. Онда жүздеген мамандар Қазақстанды бастан бақайшығына дейін зерттеп отыр.
У. Қабылтайұлы