Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі отбасы баспаналы болды

AstanaTV
28.12.2018ж. 20:00
3283
Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі отбасы баспаналы болды

Ақтөбе жаңа жыл қарсаңында Есқалиевтер отбасының басты арманы орындалды. Мүмкіндігі шектеулі ерлі-зайыпты жандар жаңа пәтерге қоныстанды. Осы күнге дейін пәтер алуға ақша жинаған отбасыға жетпей тұрған бес миллион теңгені жомарт жандар сыйлаған.  

Марал мен Наталья осыдан үш жыл бұрын қарттар мен мүгедектер үйінде танысыпты. Басында көңіл жарастырған жұп мүгедектер үйінің аядай бөлмесінде тұрған. Отағасы Марал жол апатына түсіп, арбаға таңылған. Наталья да екінші топтың мүгедегі. Жұбайлар баспаналы болу үшін ұзақ жылдар бойы ақша жинапты. Енді жаңа жыл қарсаңында армандарына қол жеткізді.  

Марал ЕСҚАЛИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: 

Наталья екеуміз 2015 жылы көңіл жарастырдық. Кейін заңды некелестік. Мүгедектер үйіндегі бір бөлмеде Наталья тігін тікті. Өз күшімізбен ақша жинадық. Үй алуға жетпеген соң Сұлупан Панаевнадан көмек сұрадық.

Наталья ЕСҚАЛИЕВА, ТҰРҒЫН:  

Үш миллионын біз өзіміз жинадық. Біздер қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Басқа өздері түк бітірмей отырып алып, өмірден түңіліп, налитын мүгедек жандарға айтарым «қолыныздан келетін істі жасаңыз». Қарап отырмаңыз дегім келеді.

Ештемеге мойымай өздері ақша жинап, баспаналы болғысы келген жұптың еңбекқорлығына, табандылығына тәнті болған қалалық мәсихат хатшысы бұл отбасының жағдайы естіген соң, қала орталығындағы осы екі бөлмелі пәтерді алуға демеуші тауып берген. 

Сұлупан ШЫҢТАСОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ МАСЛИХАТТЫҢ ХАТШЫСЫ: 

Марал мен Наташаның мүгедектер үйінде кездесіп, бірін бірі сүйіп қалғаны маған қатты әсер етті. Әсіресе, екеуі қарап отырмай бір бөлмеде отырып, іс тігіп, төсек орын жабдығын сатқан ақшаны жинаған. Отбасының ең басты арманы мүгедектер үйінен кету болды. Бүгін міне армандары орындалды. Енді балалары осында келе алады.

Наталья ислам дінін қабылдаған. Өзі жастайынан іс тігеді екен. Үйде отырып төсек орын жабдығына тапсырыстар қабылдайды. Қоныс тоймен құттықтай келген әкімдерге де сый дайындап қойған.   

Жас жұбайлардың алға қойған мақсатты зор. Олар іс тігу кәсібін цех ашуға дейін жетілдіргісі келеді.  

Б. Рахметова