$522.49 €547.88 ₽5.06
×

Астанада биыл алғаш рет жаңа жыл кезінде ешкім пиротехникалық бұйымдардан зардап шеккен жоқ

AstanaTV
03.01.2019ж. 20:00
3963
Астанада биыл алғаш рет жаңа жыл кезінде ешкім пиротехникалық бұйымдардан зардап шеккен жоқ

Астанада биыл алғаш рет жаңа жыл кезінде ешкім пиротехникалық бұйымдардан зардап шеккен жоқ. Мереке күндері қала көшелерін 2 мыңнан астам полиция мен Ұлттық ұлан сарбаздары күзетті. Тәулік сайын 300 құтқарушы кезекшілікке шығып отырған. 107 бригада жедел жәрдем қызметін көрсеткен. Еліміздің өзге қалаларымен салыстырғанда Астанада жаңа жыл түні тыныш өткен сияқты. Данияр Қайыртай тарқатады. 

Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ: 

Иә, Ләйла. Әдеттегідей мереке күндері барлық арнайы қызмет түрлері күшейтілген режимде жұмыс істеген болатын. Қалада 93 жол-көлік оқиғасы болып, 2 адам зардап шеккен. Ал, 13 жүргізуші мас күйінде көлік тізгіндегені үшін айыпталды. Машиналары бірден айып тұрағына жеткізілді. Ал, жедел жәрдем қызметіне бір тәулікте 3000-нан астам қоңырау түскен. Бұл әдеттегіден 15 пайызға көп. Тиісінше бригадалар саны да 30 пайызға артты.

Бота СӘДЕТХАН, ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫ ДИСПЕТЧЕРЛІК БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: 

Шақыртулардың көбісі тамақтану режімінің бұзылуына байланысты. Іші ауырып, іші өткен, құсқан науқастар, ішімдік ішуге байланысты іш аурулар немесе жарақаттар. Жарақаттарға байланысты шақыртулар 10-15 пайызға көп болды.

Қалада жалпы 5 өрт, 90-нан астам ірілі-ұсақты криминалдық сипаттағы құқық бұзушылық тіркеліпті. Ал, 773 адам түрлі жарақатпен травматологиялық пунктілерге жеткізілген. Бір қызығы, биыл Астанада ешкім пиротехникалық жарақат алған жоқ. 

Аягөз ФАЗЫЛОВА, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: 

Мереке күндері 31 желтоқсаннан бастап, 2 қаңтарға дейін Астана қаласында 5 өрт тіркелді. Оның екеуі тұрғын үй секторында болатын болса, екеуі қоймада, біреуі моншада тіркеліп отыр. Бұл өрттердің басты себебі, пеш жаққан кезде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан болып отыр.

Есесіне, Ақтөбе тұрғыны жаңа жыл түні салют атамын деп саусақсыз қалды. Сапасыз петарда 30 жастағы жігіттің қос қолын жарақаттап, бармағын жұлып кеткен. Зардап шегуші балконға шығып салют атпақ болған. Бірақ, ол қолында тұрып жарылып кетіпті. Дәрігерлер жігіттің мас болғанын және техникалық талаптардың сақталмағанын айтып отыр.  

Асхат МЕШІТБАЙ, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ АУРУХАНАСЫНЫҢ КЕЗЕКШІ ДӘРІГЕРІ:  

Бүкіл қан айналысы бұзылған. Сүйектері мыржаланып қалған. Саусақтың басы сол жарылған жерде қалып қойған. Науқасқа келген кезде шұғыл оперативтік ем жасалды.

Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ: 

Арнайы қызмет мамандары алда әлі Рождество мерекесі келе жатқанын айтып, тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Мендегі бар мәлімет осы. Ләйла ...

Д. Қайыртай