Астанада қоймалардың бірінде газ сақтайтын бөшке жарылып, көрші тұрған жатақхананың терезелері талқан болды. Оқыс оқиға Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ғылыми-зерттеу институты аумағында орналасқан қойманың өртенуінен басталған. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, зардап шеккендер жоқ. Ал, әйнектері шағылып қалған төрт қабатты жатақхана тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген.
Кәрім КӘКІМОВ, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:
Сағат тоғыз кездерінде біз іште жүргенде жарылды. Жарылыс болды үлкен. Терезелер сынып жағалай, балалар у-шу болды.
Таңшолпан ІЗҒАЛИЕВА, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:
Үйде балалар ұйықтап жатқан, терезенің дәл түбінде. Үлкен ұлым коридорда достарымен ойнап жүрген. Келінім үйде болған. Телевизор көріп отырғанда бір түрлі соғыс басталып кеткен сияқты атыс болды дейді. Үйдің іші жап-жарық болып, ана терезелер бері қарай құлады дейді.
Қазір өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр. Өртті сөндіруге 35 құтқарушы мен 7 техника жеткен. Олар дер кезінде келмесе, жағдай бұдан да сорақы болар еді, дейді ресми өкіл.
Аягөз ФАЗЫЛОВА, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қайғылы оқиғаның бетін біздің өрт сөндірушілер алдын алды деп айтуға болады. Өйткені, бұл жерден біз 25-тен артық газ баллонды қауіпсіз жерге алып шықты.
Д. Қайыртай