$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ұлттық экономика министрлігі байлық салығын енгізуді кейінге қалдырды

AstanaTV
08.01.2019ж. 20:00
5364
Ұлттық экономика министрлігі байлық салығын енгізуді кейінге қалдырды

Ұлттық экономика министрлігі байлық салығын енгізу мәселесін әлі қарап жатыр. Қымбат үй мен жердің салығы аумағы емес, құнына қарай есептелуі тиіс. Ал, қозғалтқышы 3 литрден асатын автокөліктердің кедендік құнына байланысты өсімдік мөлшерлеме енгізілуі де мүмкін. Бірнеше жылдан бері талқыланып, түйінін таппай жатқан заң жобасы туралы Абай Сейфулла ізденіп көрді.  

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ: 

Қазақстанның 2008 жылы қабылдаған салық кодексі осы күнге дейін 16 рет өзгертіліп, 3, рет қайта жазылыпты. Соның ішінде 130-дан астам толықтыру енгізілген. Енді қаржы министрлігі жеке табыс салығының прогрессивті шкаласына өтудің мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Яғни, неғұрлым көп табыс тапсаңыз, соғұрлым көп салық төлейсіз. Алайда, министрліктегі мамандар орташа жалақы мен жоғары табыстың арасы жер мен көктей, сондықтан «байлық салығы» жайлы әңгіме айтуға әлі ерте деп отыр. Экономистер де бұл оймен келіседі.

МАҚСАТ ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:  

Біздің мемлекет толық дайын емес. Әлі де болса нарықтық экономиканың заңдары да толық орындалып жатқан жоқ. Бұл бір. Екінші мәселе-салықтық арттыру мәселесіне келген кезде экономикада Латфер қисығы бар. Мемлекет салықты белгілі бір нормадан арттырып жіберсе, салықтан жалтарушылар көбейеді деген. Сөйтіп көлеңкелі экономиканың үлесі артады.

Белгілі медиакәсіпкер, блогер Бейбіт Әлібеков үш қымбат көлігі үшін жыл сайын миллион теңге көлемінде салық төлейді. Соммасына қарасаң мұның өзі біз үшін «байлық салығы» дейді ол. Оның үстіне шеттен әкелінген көлікті тіркеу де аз ақша тұрмайды. Ал, қазір мініп жүрген электромобилі үшін салық жоқ. Себебі, түсінікті-ауаға түтін шығармайды, экологияға зиян келмейді. Сондықтан, ол өзгелерге де токпен жүретін көлікке ауысуға кеңес береді.  

БЕЙБІТ ӘЛІБЕКОВ, БЛОГЕР, КӘСІПКЕР: 

Бізде онсыз да адал ақша тауып жатса да байларға деген қозғамның көзқарасы жақсы емес. Сондықтан, оларға салықты көбейтіп, одан әрі тыныштығын бұзғанша, жайлы жағдай жасап, капиталдарын өз еліміздегі бизнеске салуға итермелеу керек. Құрылысқа салса да, үй нарығына салса да ол ішкі жалпы өнімнің бір бөлігі. Жыл сайын қалталылар елден көптеп көшіп жатыр. Байлық салығы жағдайды тек ушықтыра түседі. Ал, байларға салық төлеп әуреленгенше, электромобильге ауысқан жөн дер едім. Тіпті автотұрақ тегін, Шымбұлаққа да кіруге рұқсат бар.

Қалталылар байлық салығына алаңдаса, мемлекеттік қызметкерлер үшін табысы мен мүлігі жайлы декларация мәселе. Елде олар жыл сайын 230 формасын тапсыратыны белгілі. Бірақ, мемлекеттік қызметшілердің иелігіндегі мүлікке де шекті мөлшер жоқ.  

Олжас ОТАР, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: 

Кез келген, сіздің меншігіңізде 100 мың теңгенің үйі болсын, 100 млн теңгенің меншігі болсын, сіздің пайдалануға құқығыңыз бар. Сонымен қатар, оны да декларацияда көрсетуіңіз керек. Сіздің декларацияңызда толық емес мәлімет болса, мысалы, үйіңізді, жеріңізді немесе көлігіңізді ұмытып кеткен жағдайда 274 бап бойынша айыппұл салынады.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ: 

2020 жылдан бастап мүлік пен табыс туралы декларацияны тек мемлекеттік қызметшілер емес, бүкіл халық тапсырады. Ал, сарапшыларды миллиондаған декларацияны салық органы қабылдай ала ма деген сауал алаңдатады. Жұмыссыздар мен өзін-өзі асыраушылар оны қалай толтырмақ? Қазақстандағы салық мәдениетінің деңгейі мен жоғарыда қозғалған мәселелер туралы сенбі күні «Біздің УАҚЫТ» бағдарламасында кеңірек айтамын.

А. Сейфулла