$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Одан да Дубайға барып келген артық ғой». Авиабилеттер арзандай ма?

AstanaTV
12.01.2019ж. 20:00
3553
«Одан да Дубайға барып келген артық ғой». Авиабилеттер арзандай ма?

 Жеріміздің кең байтақ екені рас, бірақ ел ішінде әсіресе ұшақпен ұшудың удай қымбат екенін бәріміз білеміз. Жұрттың мынша ақшаға Дубайға немесе Еуропаның бір қаласына барып келген артық ғой, деп келетін уытты қалжыңы содан шыққан. Бірақ қазаққа Прагаға емес, Атыраудағы көп жыл көрмеген туыстарына барып келу керек... Жақында Энергетика министрі авиакеросин импортынан құтылдық, деді. Билеттің қымбат болуының бір себебі сол деп түсіндірелетін. Енді жақсы жаңалық естиміз бе? Биыл ашылатын «Флай Арыстанның» бағасы арзан болады, дейді билік. Қайдам, көреміз. Мөлдір Бақытқызының материалы.

Дыбыстық қыстырма: Эльбрустан Қазақстанған сәлем!

Гималай, Эльбрус шыңдарын бағындырып, 40-қа жуық елге саяхаттаған Нұржан Алғашев арзан ұшақ билеттерін қайдан алу керегін бір кісідей біледі. Ықшам киініп, рюкзак асынып, ел мен жер тануға асыққан адам 3-4 сағаттық жолға ас-ауқатсыз ақ шыдайтынын және біледі. Мұндай, кәнігі саяхатшылардың «қос қанаты» лоукостер деуге болады. Бұл әуе компаниялары тиімді баға саясатының арқасында, жолаушы нөпірі арқылы ұтады.

Нұржан Алғашев, саяхатшы, «Qazaq geography» қызметкері:

Еуропада ең танымал «Райн Эйр». Күніне 2500 рейс қатынайды. Бюджеттік. Өте арзан. Бес жыл бұрын Еуропаның қалары ішінде 7500 теңгеге ұштым. Ал Азияда «Эйр Азия» ең арзаны. Мысалы, Куала Лумпурдан Балиге дейін 13 мың теңге тұрады. 3 сағат ұшасың. Ара-қашықтық қандай алшақ, ал бағасы қандай?

Біздегі тиімді лоукостер қазір «Визэйр». Венгрлік компания. «Экспо» кезінде үш айға деп келген. Содан нарықта қалып қойды. Жексенбі сайын Астанадан Будапештке ұшады. Бұл бағыт қазір сахатшылар үшін «Еуропаға ашылған терезедей». Барып қайту (9134 шақырым) 45 мың теңгеге түседі. Үш сағатта жетесің. Тап осы «Визэйрмен» Будапештен Италяның Милан қаласына (954 шақырым) 8200 теңгеге ұшасың. Айналдырған 60 мыңға Еуропаның екі бірдей көркем қаласына табаның тиеді. Бізде бір Астанадан Ақтауға ұшу (2670 шақырым) одан қымбат. 70-80 мың үстінде. Бұл арзан деген, «Бэк эйр» мен «Скатта».

Хош, Еуропадан елге оралсақ. Қазақстанда авианарық табиғи монополияға жатады. Билет бағасынәуекомпаниялары өздері бекітеді. Мемлекет баға саясатына "қолсұға" алмайды. Бірақ,тікелей араласпаса да, жанама жолдармен бағаға оң әсер етуі керек. Әуекомпаниялары билет бағасы авиа отын мен әуежай қызметіне қарап, түзіледі дейді. Биыл отандық зауыттар әуе компанияларын авиокеросинмен толық қамтуға қауқарлы. Энергетика министрлігі осылай деп "сүйіншілеп" отыр. Бұрын-соңды қажетті жанармайдың тең жартысын сырттан долларға сатып алатын әуе комапанияларына енді шағымдануға негіз жоқ. Былтыр ғана авиаотынның 40 пайызын Ресейден сатып алған әуе компаниялары биыл тұтастай отандық жағармай тұтынады. Былтыр 393 тонна өндірсек, биыл ол 695 тоннаға жетпек. Екі есе көп.

Санжар Каримов, ҚР ЭМ Мұнай өндірісін дамыту департаменті директорының орынбасары:

2018 жылы елде авиоотын тұтыну көлемі 613 тоннаны құрады. Осыған қарап, ішкі нарықты отандық зауыттар толық қамтиды деп есептей беруге болады.

Үш мұнай өңдеу зауытының үшеуі де авиаотын шығарады. Ол негізінен әуежайларда сатылады. Мәселен, Алматы әуежайында бір тонна авиокерсин 250 мың теңге. Мұндағылар бұл баға алыс-жақын елдермен салыстырғанда қолжетімді дейді.

Арнат Ахметжанов, "Алматы қ. Халықаралық әуежайы" АҚ Қазынашылық басқармасының бастығы

Мысалы, біздің тасымалдаушылар Мәскеу әуежайынан авиотынды 700 долларға сатыпалады. Теңгемен 260 мың. Біздің әуежайдан шетелдік рейстер ғана емес, жергілікті халықтың көбі мінетін "Скат", "БекЭйр" сатып алады. Ал "Эйр Астана" мен "Қазақэйр" өздері бөлек сатып алады. Олардың бағасына біз әсер етпейміз.

"Эйр Астана" болса, биылғы билет құнына қатысты бетпе бет сұқбат бергісі жоқ. Жазбаша шектелді. Онда "Халықаралық бағыттарға билет бағасының өсу-өспеуі теңге бағамына байланысты. Себебі шет елде әуежайлар өз қызметі үшін, өз валютасымен есептеседі", деп жауап берді. Ал, салаға жауапты министр біраз бұрын, биыл билет бағасы өспейді деп мәлімдеген.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

Билет құнына не әсер етеді? Алдымен авиакеросин және лизингтегі ұшақтар. Бүгін авиакеросиннің бағасы тұрақты. Егер ол тұрақты болса, билет бағасы да тұрақты болады деген сөз. Былтыр мысалы, жанармай тапшылығы болған еді, бірақ ол билет құнына әсер еткен жоқ.

Бағаға керосиннен бөлек, әуежайдың қызмет құны да әсер етеді. Әуежайда алым-салымның 14 түрі бар. Айтпақшы, ішкі рейстерге қатысты екі тарифті бекітуге Азаматтық авиация комитеті тікелей араласады. Былтыр Астана әуежайы ұшып-қону алаңын 30 пайызға, қауіпсіздік қызметін 100 пайызға қымбаттатқан. Сол ақ екен "Эйр Астана"-ның топ-менеджменті жаңа лоукостер "Флай Арыстан" билеттері «ойдағыдай» арзанға түспейді деп шағымданып үлгерді. Алайда алаңдауға негіз жоқ.

Мақсат Егеубаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басқарма басшысы:

Астана әуежайының тарифтері халықаралық бағыттағы рейстерге ғана өсті. Яғни бұл өсімнің "Флай Арыстанға" қатысы жоқ. Ішкі рейстерге тарифтер соңғы 10 жылдан бері өзгерген жоқ.

Нарық заңы бойынша бағаның төмендеуіне бәсеке де әсер етуі керек. Су жаңа компания «Флай Арыстан» осы мақсатта құрылды. Easyjet, Indigo, Cebu Pacific, Air Asia халықаралық лоукостерлерінің үлгісі бойынша арзанға жұмыс істейтін болады. Сөйтіп, ішкі рейстерді жасайтын 4 компанияға, бесіншісі қосылады. Ол бүгінгі билет бағасына қатысты стеротипті бұзады. Қалғаны соған қарап «бой түзейді» деген. Ішкі рейстердің арзандауы, ішкі туризмнің дамуына тікелей әсер ететін фактор. Еуропа демей ақ, ел ішін тануға да, билет бағасы тұсау болып тұрғандай.

Нұржан Алғашев, саяхатшы, «Qazaq geography» қызметкері:

Мысалы, солтүстік жақ өте суық, бізге қыста Ақтауға немесе Шымкентке жиі барып қайтқан қандай жақсы. Баға арзан болса, біздің туристер туған туыстары мен достарына жиі ұшар еді, жәй ғана турист ретінде жақсы тынығып қайтуға да болар еді.

Байқағанымыздай, ішкі рейстер үшін билетті арзандатуға мүмкіндік бар. Керосин өзімізден. Әуежайлар тарифті көтерген жоқ. Салалық министрлік биыл мамыр айында «Fly Arystan» лоукостері нарыққа енсе, билет бағасы 16-18 мың теңгеден аспайды деп болжап отыр. Сонда бәлкім ішкі туризм жанданар ма еді?

Мөлдір Бақытқызы "Біздің уақыт".