Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Форбс пен пісте... Байлық салығы туралы.

AstanaTV
12.01.2019ж. 20:00
3947
Форбс пен пісте... Байлық салығы туралы.

Байлыққа салынатын салық. Әлемнің кейбір елінде бар. Ал біздің елімізде әзір енгізілмейді. Ұлттық экономика министрлігінің жауабына қарасақ, оны енгізу үшін бірнеше шарт орындалуы керек: орта таптың үлесі айтарлықтай болуы тиіс, жалпыхалықтық декларация тапсырылуы қажет, салық мәдениеті жоғары, салық салу шкаласы әділетті болуы керек. Иә, орта тап айтарлықтай үлеске ие болса, мемлекет мызғымайды. Бұл коррупционерлермен шатастыруға болмайтын, өз кәсібі бар еңбекқор, озық ойлы, «осы жер гүлденсе» дейтін тап. Ондай таптың айтарлықтай үлеске ие болуына әлі қанша уақыт керек екенін шамалай да алмаймыз. Мүмкін министрліктің болжамы бар. Дегенмен аса қымбат дүниелерге салық салу мәселесі қаралып жатыр. Белгілі бір жер телімдері, сән-салтанаты келіскен мүлікке, жоғары сыныпты автокөлікке. Адал еңбектің байлығынан гөрі тендерлік, коррупциялық байлықұғымы бар уақытта, байлыққа жету жолы «біртүрлі» және байлығы өзіне рәсімделмеген адамдар бар қоғамда салық салу жүйесі, жалпы салық мәдениеті туралы айту қиын-ау... Абай Сейфулланың материалы.

Путин мен Депарьденің кездесуінен көрініс.

Бұл Ресей Президенті Владимир Путин мен француз актері Жерар Депардьенің 2013 жылғы кездесуі. Дәл осы жүздесуде Путин әйгілі киножұлдызға Ресей азаматтығын растайтын паспорт табыстаған. Орыстар: «Францияның қалтаны қағатын байлық салығы бізде жоқ, орыс жерінде ешкім мазаламайды» деп уәде еткен. Сатқындық дерсіз, алайда табысының 75 пайызын мемлекет «байлық салығы» ретінде алып қойып отырса, қай миллионердің де шыдауы қиын-ау. Ал байлық салығы ең көп елдердің тізімі мынау:

Графика: Ұлыбританияда жылжымайтын мүлік бағасы 1 миллион фунттан асса, мемлекетке сол соманың 5 пайызын береді. Бұрыннан келе жатқан Гербо салығы бойынша сатып алған кез келген зат бағасы 500 мың стерлингттен жоғарыласа 4 пайызы төленеді. Бағасына қарай пайыз да төмендеп отырады. Қытайда табыс салығының ең төменгі ставкасы 15, жоғарғысы 45%. Жылжымайтын мүлікке 10-15 %. Францияда үстеме табысыңыз 1 млн еуродан асса, жыл сайын бюджетке 1 пайызын бересіз. Швецияда ол 1,5 %. Италияда үлкен яхтаңыз болса, бөлек салық салынады. Қазақстанда салық ставкалары жалпыға ортақ, бай-кедей деп бөлмейді - табыс салығы- 15 %, жылжымайтын мүлікке – 1,5 %.

Бірақ бірнеше жылдан бері Қаржы министрлігі табыс салығының прогрессивті шкаласына өтудің мүмкіндіктерін қарастырып жатқаны рас. Яғни неғұрлым көп табыс тапсаңыз, соғұрлым көп салық төлейсіз. Бірақ кәсіпкерлер қымбат көлігіміз үшін онсыз да аз шығындалып жатқан жоқпыз, дейді. Мысалы, кәсіпкер, инста-жұлдыз Бейбіт Әлібеков қозғалтқышы үлкен үш тұлпары үшін жыл сайын миллион теңге салық төлейді.

Бейбіт Әлібеков, блогер, кәсіпкер:

Бізде адал ақша тауып жатса да байларға деген қоғамның көзқарасы жақсы емес. Сондықтан оларға салықты көбейтіп, одан әрі тыныштығын бұзғанша, жайлы жағдай жасап, капиталын өз еліміздегі бизнеске салуға итермелеу керек. Құрылысқа салса да, үй нарығына салса да ол ішкі жалпы өнімнің бір бөлігі. Жыл сайын қалталылар елден көптеп көшіп жатыр. Байлық салығы жағдайды тек ушықтыра түседі.

Байларға деген теріс көзқарастың бары рас. Дамыған елдерде орта тап өкілдері экономиканың тіреуіші. Бюджеттің бүйірін толтыратын сол топ. Сол тап. Десек те, көпшілікке мынадай пікір тән:

Несіпжан Әмірова, қоғам белсендісі:

Мен өзімнің қолыммен, бейнетіммен неттім, мен неге беруім керек дейді. Беру керек, бөлісу керек! Мына кедейлермен бөлісу керек! Форбсқа енген байлар бар және базарда пісте сатып отырған кедейлер бар...

Бөліссін делік, бірақ жырып бергені тиісті жерге жете ме? Экономика курсынан сабақ берген бір ағай: «Бізде бизнестің дәстүрлі үш емес, төрт түрі бар: шағын, орта, ірі және бюджет ақшасын жымқыру» деп әзілдеп еді. Міне, осы «төртінші бизнес» - салық жүйесіне де селкеу түсіріп тұр. Оған былтыр шыққан "жұмақ досьесі" сияқты оффшорларға ақша тыққандар туралы досьелерді қосыңыз. "Тыныш ұйықтай" алатындар бізде көп. Бірақ дөңбекшіп шығатындарды ұйықтатпайтын қаржы көлемі де өте қомақты.

Мақсат Халық, экономист:

Көптеген кәсіпкерлер, капиталистер мемлекетке салық төлеуден қашпайды. Алаңдататыны – ол әлеуметтік мәселені шешуге жете ме, жетпей ме? Егер жақсы мүлікті азамат болсаң, одан түскен салық мынадай бір әлеуметтік мәселені шешуге жұмсалады деген схеманы көрсету керек. Біз сыбайлас жемқорлықты жою керекпіз, көлеңкелі экономиканың үлесін азайту керекпіз. Содан кейін барып...

Содан кейін барып өзгеріс күту керек шығар. Алайда елемізде 2008 жылы қабылдаған салық кодексі осы күнге дейін 16 рет өзгеріп, 3 рет қайта жазылыпты. Соның ішінде 130-дан астам толықтыру енгізілген. Тұрақсыздық байқалады. Оған салық мәдениетінің төмендігі мен қаржылық сауатсыздықты қоссаң, бас шайқайсың.

Мақсат Халық, экономист:

Біз түсінуіміз керек, бүгін төлеп жатқан салық – ертең халыққа қайтатын ақша. Ол трансферттік шығындар арқылы көптеген әлеуметтік мәселелерді шешетін ақша.Сіз салықты төлеп жатқан кезде ойлануыңыз керек – осы арқылы мен жұмыссыз жүрген ағама жұмыс тауып беріп жатырмын деп.

Абай Сейфулла, тілші:

Басында Жерар Депардьенің Франциядағы салықтан қашып, Ресейге тайып тұрғанын айттық қой. Былтыр Ресей баспасөзінде сол Депарьде Ресейде де тиісті салықты төлемей жатыр деген ақпарат шықты. Тіркелген жері - Саранск қаласында қарыз адамдар тізіміне ілініп, үстінен іс те қозғалыпты. Әлем азаматы қазір Африкада, Алжирде тұрады дейді.

Дыбыстық қыстырма:

Barret Strong орындауындағы «Money» әні

Қаржылық сауаттылық? Көп адамда жоқ қой, ондай қаржылық сауаттылық. Жоқ...

Бізде орта тап, средний класс жоқ қой! Бар болса да аз.

Кедейі көп болған мемлекет ол өте қауіпті!