Ұлыбритания парламенті премьер Тереза Мэйдің Брексит жөніндегі жоспарын мақұлдамады. Осылайша, елдің болашағы бұрынғыдан бетер бұлыңғырланды. Мұның соңы немен бітеді? Ұлыбритания ЕуроОдақтан шығу келісімін жалғастыра ма, әлде екінші рет референдум жариялана ма? Келесі материалда толығырақ.
«Ойсыра жеңілу», «Бәрі бітті», «Брекситпен не болады?». Ұлыбритания басылымдарының тақырыптары айқайлап тұр. Парламент премьер Тереза Мэйдің Брексит жөніндегі жоспарын қабылдамай тастады. Құжат Лондон мен Брюссельдің арасын «ауыртпай» ажырату керек болған. 2020 жылдың соңына дейін ел кедендік одақ бөлігі болып қала береді. Лондон бұл аралықта Еуропадан келген еңбек мигранттарына қатаң талап қойып, әрі бизнес салада еркіндікке қол жеткізбек болған. Бірақ, халық қалаулыларының бұған көңілі толмады.
Тереза МЭЙ, ҰЛЫБРИТАНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Палатаның бұл келісімді қолдамай отырғаны түсінікті. Бірақ, осында және еуроодақта тұратын британдықтар бұл мәселені айқын түсінуге лайық. Сондықтан, мен Үкімет қандай әрекет жасайтынын қысқа айтқым келді. Бізге ең алдымен бұл үкіметке сенім бар ма екенін растау керек.
Бұл сұрақты оппозиция да көтерді. Лейбористер лидері Джереми Корбин бір минутын да жоғалтпай, Үкіметке сенімсіздік вотумын енгізу процедурасын бастайтынын мәлімедеді. Британдықтар да таңнан бері парламент алдына жиналды. Олар Лиссабон келісім-шартының 50 бабын жою қажет деп отыр.
-Мэй 50-ші бапты қайтарамын деп айтуы керек еді. Бірақ, ол айтпайды. Оны өзінің болашағы мен партиясы ғана қызықтырады.
- Жеңілетіні күтілген еді. Біз қайда бара жатырмыз? Ешкім білмейді. Біз тығырыққа тірелдік. Оппозиция да бөлініп, ол да үкімет секілді мінсіз.
-Бұл - жеңіс. Біз келісімнің қолдау таппағанына қуаныштымыз. Алғашқы қадам жасалды. Сайлау бюллетеньінде «ЕуроОдақта қалу немесе Тереза Мэймен келісу» деген таңдау болуы тиіс
Негізгі сұрақтың бірі - Солтүстік Ирландия мен Ирландия Республикасының шекарасы туралы да әлі шешілген жоқ. Тауар бағасы қалай болатыны да белгісіз. Өйткені, дүкендердің 70 пайызы еуропалық өнімдермен толтырылған. Жағдайдың қалай өрбейтініне қатысты Франция президентінің өз болжамы бар.
Эммануэль МАКРОН, ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бірінші нұсқа: британдықтар келісімге мәмілесіз барады. Бұл барлығын қорқытып отыр. Бұл кезде болашақ қарым-қатынастарын қайта қараулары керек. Екінші нұсқа: үкімет тағы да талпынып көреді. Британдықтар осы нұсқаға тоқталғанымен, үшіншісімен аяқтайды. Яғни, бүге-шүгесін қайта талқылау үшін мерзім беруді сұрайды.
Парламент үкіметке сенім танытса, Тереза Мэй жақын арада ЕО-пен ажырасудың кезекті жоспарын әзірлеп, Брюссельмен қайта келіссөз жүргізеді. Егер, олай болмаса, парламенттің кезектің тыс сайлауы өтуі мүмкін. Ол кезде Брексит кейінге шегеріледі. Ал, британдықтар қаласа, ЕО шығу туралы екінші рефрендум өтіп қалуы да ықтимал.
Г. Меңдеева
https://youtu.be/BYv0P5fDxu0