$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Интернеті жоқ ауылдарда онлайн касса орнату мүмкін болмай жатыр

AstanaTV
16.01.2019ж. 20:00
2532
Интернеті жоқ ауылдарда онлайн касса орнату мүмкін болмай жатыр

Кассалық аппарат орнатуға интернет қолбайлау болып тұр. Қызылжар өңірінде жеті жүзге жуық кәсіпкер онлайн кассалық құрылғы орната алмайды. Жаңа заңға сәйкес биылдан бастап кәсіп иелері кассалық құрылғыны онлайн режимге көшіруі тиіс. Яғни, кәсіпорының есеп-қисабы интернет арқылы бірден Мемлекеттік кіріс департаментіне түседі. Бұл тәжірибе елімізде 2015 жылы енгізілді. Әу баста оған жанармай және алкогольдік өнімдерді сататын компаниялар көшкен. Ал, биылдан бастап барлығы жаппай ауыстырылады. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 16,5 мыңнан астам кәсіпкер онлайн касса орнату керек. Алайда, ауылдарда ғаламтор жоқ.  

Анар ӘДИЕВА, СҚО МЕМЛЕКЕТТІК КІРІС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: 

Осы уақытқа дейін онлайн-кассалық құрылғыны Солтүстік Қазақстанның 2 мың 115 кәсіпкері орнатқан. Патент иелері келесі жылдан бастап орнатпақ. Айта кету керек, бізде кейбір ауылдар ғаламторға қосылмаған. Осыған байланысты жеті жүзге жуық кәсіпкер жаңа жүйеге көше алмайды.

Ал, Шығыс Қазақстан облысында бақандай 700 ауылда интернет жоқ. Ұлттық палата өкілдері онлайн кассалық құрылғы орнатпағандарға айыппұл салынбайтынын мәлімдеді. Себебі, Өскемен мен Семей қалаларының өзінде ғаламтор кей бөлікте жоқ. Ескі кассалық құрылғымен жұмыс істейтін кейбір кәсіпкерлер айыппұлдан қорқып, интернет жоқтығын видеоға жазып алып жүр.  

Қайрат МАМЫРБАЕВ, «ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ» ШҚОФ ДИРЕКТОРЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫСЫ: 

Интернет ауыл түгілі, қаланың шеткі аудандарында да нашар жұмыс істеп тұр. Онлайн кассалық құрылғыда чекті басса, ол мемлекеттік кіріс департаментіне ақпаратты жібермесе, онда айыппұл салынуы мүмкін. Біз бұл мәселені құзырлы органмен шешіп жатырмыз. Қазір аудан орталығынан не бары 15 шақырым жердің өзінде интернет дұрыс ұстамайды.

А. Құрманкин