Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Геологиялық барлау жұмыстары жаппай жүргізілсе, елде әлемдік деңгейдегі жаңа 15 кен орнын ашу мүмкіндігі бар

AstanaTV
08.11.2017ж. 20:00
4140
Геологиялық барлау жұмыстары жаппай жүргізілсе, елде әлемдік деңгейдегі жаңа 15 кен орнын ашу мүмкіндігі бар

Геологиялық барлау жұмыстары жаппай жүргізілсе, елде әлемдік деңгейдегі жаңа 15 кен орнын ашуға мүмкіндік бар. Бұл туралы Мәжілісте «Жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс жобасын таныстырған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Сондықтан салаға инвесторларды қызықтыру үшін «бірінші келген, бірінші алады» қағидасымен жер қойнауын пайдалану құқығын жеңілдету көзделген. Уран өндірісіне стратегиялық бағыт ретінде кодексте бөлек бөлім арналған. Депутаттар "ұлттық компаниялар уран өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын өзге компанияларға бере алады, оларға неге мұндай пәрмен берілген" деп алаңдады.

Сәкен Өтебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі: 

Демек 2 жыл өткеннен кейін ұлттық компания өзінің жер қойнауын пайдалану құқығын кез келген тұлғаға, оның ішінде шетелдік тұлғаға да бере алады. Яғни ұлттық компания жер қойнауын пайдалану құқығын басқа жер қойнауын пайдаланушыға беру мәселесін өз қалауымен шешу құқығына ие болады. Уран өндіру сияқты стратегиялық саладағы мемлекеттік бақылау қалай жүргізіледі?

Махамбет Досмұхамбетов, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:

Ұлттық компанияларға жер қойнауын пайдалану құқығы тікелей келіссөздер негізінде беріледі. Сондықтан екі жыл ішінде компания жер қойнауын пайдалану құқығын өзгеге бере алмайды. Мына заң жобасында ондай шектеу жоқ. Яғни компания қазір бірден бере алады. Бірақ екі жыл ішінде ол өзіне 50 пайыз акциясы тиесілі компанияға ғана бере алады. Бұл ауыс-түйістер тиісті нормалармен реттелген және жұмысты ұлттық компания емес, құзырлы орган жүргізеді. Біз бұл норманы тағы бір мұқият қараймыз. 

Айта кетерлігі, уран өндірісі бойынша Қазақстан әлемде бірінші орында. Өткен жылы өндіріс көлемі 24 000 тоннадай болды. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 1,7 пайызға артық. Отандық уранды сатып алушы елдер - Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақ елдері, Оңтүстік Корея, Жапония және Үндістан.