Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Шымкентте кәсіпкерлер салыққа 7 млрд теңге кем төлеген

AstanaTV
17.01.2019ж. 20:00
2752
Шымкентте кәсіпкерлер салыққа 7 млрд теңге кем төлеген

Шымкентте кәсіпкерлер өткен бір жылда табысын жасыру арқылы қазынаға 7 млрд теңге шамасында салықты кем төлеген. Бұл ақпарат бүгін үшінші мегаполис бюджетінің кірісін ұлғайтуға бағытталған жиында жария болды. Кіріс департаментінің дерегінше, қулыққа басып жүргендер негізінен тойханалар, қонақ үйлер, ойын-сауық кешендерінің қожайындары. Олар өздерінің мүлік құны мен жұмысшы санын азайтып көрсетіп келіпті. Тапқан теңгесін төмендетіп көрсетушілер қатарында саудагерлер де бар.  

Нұралхан КӨШЕРОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Көптеген ресторандар өз жұмысшыларын көрсетпейді. Үлкен тойханаларда біз визуалды қарап шықтық, кемінде отыз адам жұмыс жасайды. Бірақ, қалада жай кішкентай кафелер ол салығын көрсетеді, 12-15 адам істесе де бәрін көрсетіп отыр. Үлкен ғимарат тойханаларда күнделікті түсте де іс-шаралар өткізеді, кешке тойлар өткізеді. Бірақ, олар салығын төлемей отыр.

Шымкенттегі 118 тойханадан түсетін түсім де, жоспардан аз. Олардың дені ғимараттың бір шаршы метрін небәрі 15-20 мың теңгеге бағалаған. Нәтижесінде салықты кем төлейді. Ал, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған көпқабатты үйлердің бір шаршы метрі 140 мың теңге. Бұл салыстыруға келмейді деген кіріс департаменті кәсіпкерлерге 1 ай мерзім берді. Айта кетейік, шаһарда 68 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Олардан қазынаға бар болғаны 22,6 млрд теңге түскен.  

А. Төребекқызы