Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қазақстандық фигурист Денис Тен өліміне қатысты сот үкімі шықты

AstanaTV
17.01.2019ж. 20:00
3038
Қазақстандық фигурист Денис Тен өліміне қатысты сот үкімі шықты

Қазақстандық фигурист Денис Тен өліміне қатысты іске нүкте қойылды. Бүгін тура бір айға жалғасқан сот талқылауында судья Кеңшілік Әбделдинов айыпталушыларға үкім кесті. Күні кеше мемлекеттік айыптаушы сұраған жазадан өзгеріс бар ма? Айыпты деп танылған Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов пен Жанар Толыбаева қанша жыл арқалады? Әріптесім Олжас Нұржақып айтып берсін.  

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыларға 20 жылдан жаза сұраған еді. Судья Кеңшілік Әбелдинов: Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовтың әрқайсысына 18 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Нұралы Қиясов қылмыстық кодекстің екі бірдей бабымен, яғни, «қарақшылық» және «кісі өлтіру» ісімен айыпталды. Ал, Арман Құдайбергенов үш баппен сотталды. Әрі «екі айыпталушы да қылмыстық-атқару жүйесінің жоғары қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеге қамауға алынсын» - деді судья.  

Кеңшілік ӘБЕЛДИНОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: 

Құдайбергенов Арман Бөрібаевичке түпкілікті 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаларды ішінара қосу арқылы Қиясов Нұралы Дәулетбековичке түпкілікті 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қиясов Нұралы Дәулетбековичтің жаза өтеу мерзімі ұсталып алынған күні 19 шілде 2018-ші жылдан бастап есептеслін. Бұлтартпау шарасы бұрынғыдай күзетпен ұстауда қалдырылсын.

Ал, үшінші айыпталушы Жанар Толыбаеваға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп отыр. Ол Қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесіне қамауға алынады. Және Құдайбергенов пен Қиясовтан 30, Толыбаевадан 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы өндіріледі. 

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Бір қызығы бүгінгі сот үкіміне Денис Теннің қорғаушысы келмеді. Ал, анасы Оксана Тен де сотталушылардың туыстары да үкімге байланысты үн қатпады. Еске салайық, қазақстандық фигурист былтыр шілде айында пышақ жарақатынан көз жұмған болатын.

О. Нұржақып