Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Оралда жол ақысын телефонмен төлеуге болады

AstanaTV
08.11.2017ж. 20:00
3666
Оралда жол ақысын телефонмен төлеуге болады

Орал қаласында қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын енді телефонмен де төлеуге болады. Бұл үшін автобус бүйіріндегі кодқа смс-хабарлама жіберсе жеткілікті. Бірақ ізгі ниетті көздеген бастамаға жолаушылар да, автобус жүргізушілері де қарсы шығып отыр. Айтуларынша, жаңа жүйе қолайсыз көрінеді. Тіпті жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорын басшылары да бұл іске күдікпен қарап отыр. Ал бастама көтерушілер смспен есептесу баламалы тәсіл екендігін айтып жұбатады.

Еркін Карин тілші:

Енді қоғамдық көлікте жолақы төлеу үшін телефоныңызда баланс болса жеткілікті. Бұл үшін берілген код пен автобустың бүйіріндегі санды теріп, 2505 нөміріне жолдайсыз. Бір минуттың ішінде жеткен жауап хабарламаны кондукторға немесе жүргізушіге көрсетесіз.

Бірақ сырт көзге оңай көрінген бұл бастамаға жүргізушілер де, жолаушылар да қарсы. Өйткені адам толы автобуста телефонды түртінектеп тұру да оңай емес. Сондықтан ақшаңызды қолма-қол санап алғаннан артығы жоқ дейді.

Ботагөз Мыңжасарова, жолаушы:

Қазір ешкімнің телефонында ақша болмайды ғой. Бәрі қазір тариф қосып алады. Сондықтан, бір айға тариф қосқасын, ешкімде ақша жоқ. Мен қарсымын өз басым.

Көлігіне арнайы код жапсырылған автобус жүргізушілері де екіұдай пікірде. Өйткені түсер табыс жырымдалып кете ме деп қорқады. Әрі рөлде телефон қараған адамды жол полициясы еркелетпесі анық.

Асқар Ғилманов, автобус жүргізушісі:

Жолда жүріп келе жатып, қалай хабарламаларын қарап отырамыз? Алаңдатып болады бізді. Это запрещено! Екіншіден, ол ыңғайсыз. Компьютерлері ертең істемей қалса, біз ақшамызды қайдан іздеп жүреміз. Ақша да түспейді, ештеме де түспейді. Біз жеке автобустармыз ғой.

Ал бастама көтерген компания өкілдері бұл жүйе қала бюджеті мен жолаушыларға және автопарктерге қолайлы екенін айтып жұбатады. Өйткені автобустарға арнайы құрылғы орнатудың, төлем карталарына ақша салудың қажеті жоқ. Телефонда артық ақша болса жеткілікті.

Сержан Идиятов, «SMS BUS» компаниясының аймақтық өкілі:

Жолаушылар ақшасын ұмытып кетуі мүмкін немесе ақшасы ірі болса оны ұсақтау да оңай емес. Сонда телефон арқылы оңай есептесуге болады.

Ал жолаушы тасымалдаушы кәсіпорын басшылары бұл іске күдікпен қарап отыр.

Эльдар Вагапов, жолаушы тасымалдаушы кәсіпорын басшысы:

Арадағы келісімге сай 80 теңгенің 6 пайызын «SMS BUS» компаниясына төлейміз. Бұл - шамамен 5 теңге. Сонда бізге қалатыны -75 теңге. Бұған қосымша құн салығын қосыңыз. Сонда осыған дейін жолақы тарифін өсірген әрекетіміз зая кетеді. Бірақ заман талабынан қалыспау үшін осыған келісіп отырмыз.

Еркін Карин, тілші:

Бұған дейін бұл бастама Алматы қаласында іске асырылыпты. Бірақ миллион жарым тұрғыны бар Алматы қаласында осы бағдарламаны қолданғандардың қатары 5000-нан аспайды екен. Әзірге бұл жүйені Оралдағы 4 бағытты автобусқа енгізген бастама көтерушілер бұл істің баянды боларынан үмітті.

Еркін КАРИН