Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Азаптау құралдары жоқ шығар, айуандық жойылған жоқ...

AstanaTV
19.01.2019ж. 20:00
3292
Азаптау құралдары жоқ шығар, айуандық жойылған жоқ...

Айуан деген ұғым бар... Адамның айуандығын көрсететін музейлер де бар. Олардағы экспозицияларға 18+ белгісін қоймаса болмайды. Жүрегі нәзік, психикасы әлсіз ересек адам да қарай алмайды. Орта ғасырлардағы азаптаулардың қалай болғанын баяндайтын музейлер не үшін керек – әрине, денең дір ете қалуы үшін емес... Біздің арнаның тілшісі Абай Сейфулла жақында Еуропа елдерінде болып қайтқан, Прагада азаптау құралдары музейіне соғыпты. Ондағы заттар адамның айуан болғанда да ... болғанын дәлелдейді. Ең ізгісі шошқа мен есектің маскасы шығар. Орта ғасырлардағы сияқты азаптау құралдары жоқ шығар, бірақ айуандық жоғалған жоқ...

Кеше ғана отандық фигурист Денис Тенді өлтіргендерге жаза кесілгенін білеміз. Мұз үстінде құламаған құлыншақты қара жерде құлатқан екі жігітке сот 18 жылдан берді. Анасы Оксана Теннің көңілі бәрібір орнында емес... Қылмыскерге қанша ауыр жаза кессе де алтын ұлдың қайта келмесі – ақиқат. Жазықтының бірі - Арман Құдайбергенов сотталар алдындағы соңғы сөзінде былай деді ғой:

Арман Құдайбергенов:

«Я жалею, что мы потеряли такого человека...Денис был сокровищем для Казахстана...»

1980 жылы 25 жастағы Дэвид Чепмен әйгілі Битлз тобының мүшесі, дарынды музыкант Джон Леннонды атып өлтіргенін әлем біледі. Соңғы сөзінде ол: «Мен Битлзды жақсы көрдім, олардың идеалдарға деген адалдығының мен үшін орны бөлек еді» деген. Чепменді сот өмір бойына бас бостандығынан айырған. Бүгінге дейін ол 8 рет кешірім сұрады. Бірақ рақымшылық алмады. 64 жастағы атақты қылмыскер қазір Нью Йорк штатының Эри аймағындағы қатаң режимдегі түрмеде.

Осы тұста «Құнанбай» фильміндегі мына бір деталь көз алдыңа келеді.

«Құнанбай» фильмінен: /Режиссер: Досхан Жолжақсынов.

Уа, Керей, қасақананың бәрі қанды кек емес. Қаннан қан ғана төгіледі. Мен саған қаннан қан алып берейін деп келгем жоқ. Елді бітістірейін деп келдім... Руға кек алдым, есемді қайырдым деген абырой ғана керек. Ал марқұмның артында қалған бала шағасына келер күнге талғажау қылар нәсіп керек!

Қазақ тентегін дала заңымен жазалаған. Біз ессізді есекке теріс мінгізіп, қарабетті түйеге асып аржаққа аттандырып жүрген заманда Еуропаның католик шіркеуі жазаның жүз атасын ойлап тауып жатты. Инквизиция соты кісі жанын қорлаудың инновациялық құралдарын күн өткен сайын жетілдірді. Құлақпен естіп шошыған тарихты Чехияның Прагасына барғанда көрдік. «Адам тәнін қорлау» музейіне 60-тан астам жазалау мен тергеу құралдары қойылған. Смартфонымен түсірдім. Бірнешеуін келтірейін.

Музейден, кадр сыртындағы тілші комментарийі:

Біз ортағасырлық адамдарды жазалау заттары жиналған музейге келдік. Міне, адамзаттың фантазиясы қандай болған - мына қыз бейнесіндегі бөшкеге адамды қамайды да, сыртынан есікті жапқанда бүкіл денесі «тесіледі» де қалады. Бірақ өлмейді екен. Содан кейін амалсыз жазасын мойындаған. Ең алғаш мұндай жаза Германияда 1515 жылы қолданылған екен.

Мынау - сумен қинау ағашы. Қылмыскерді осы жерге байлап, воронка арқылы салқын суды аузынан құйып, ішін жарылғанша қампайтады.

Мынау - өсекші, өтірікші әйелдерге арналған скрипка тәріздес мойын қамыты. Әйелдерге осылай асып қойып, аса қатты ауыртпашылық түсірмей жазалаған.

Егер де бір қылмыстық фактінің екі түрлі нұсқасы анықталса, екі күдіктіні қатар алып кеп бастарын осылай қысқан кезде, шындық «анықталған» екен. Ортағасырларда қылмыскерді масқаралау мақсатында қолданылған жазаның бірі - міне осы: түрлі аңдар бейнеленген маскаларды кигізіп қойып, халықтың алдына шығарып, ел оларды мазақтаған.

Абай СЕЙФУЛЛА, тілші:

Әр дәуірдің өзіне сай заңы болады. Оны білеміз. Бірақ кейде педофильдердің қылмысын естісең, ызадан жаңағы инквизициядағы қолара ойға келеді.

Джон Леннонның жанын қиған Дэвид Чэпменнің 2020 жылы тағы бір рет әлемнен кешірім сұрауға құқы бар. Бірақ құқық қорғау органдары оны босатсақ, Битлздың жанкүйерлері ертең-ақ түбіне жетеді деп қорқады...