Қуандық Бишімбаев 2 миллиард доллар параны "Халық банктағы" есепшоты арқылы алған. Бишімбаев ісіне қатысты алғашқы сот отырысында прокурор осындай мәлімдеме жасады. Бірақ экс-министр оның негізсіз екенін айтып, таққан айыпты мойындамады. Десе де өзге айыпталушылар кінәларын мойындады. Бірақ Бишімбаевтың адвокаты оларға психологиялық қысым жасалғанын айтты. Дәуренбек Бақдәулет тарқатады.
Дәуренбек Бақдәулет, тілші:
Қуандық Бишімбаевтің ісіне жақында ғана қамауға алынған, елде әйнек бизнесін дөңгелеткен Мұратхан Тоқмәдидің қатысы болуы мүмкін. Бұл туралы экс-министрдің адвокаты Сәлімжан Мусин мәлімдеді. Оның сөзінше, қамаудағы бизнесмен Бишімбаевтың сотталуынан 1,5 жыл бұрын "Байтерек" холдингі басшыларын Қызылордадағы шыны зауытын салуда, өнім жеткізушілерді дұрыс таңдамаған деген сыңайда шағымданған. Бұл жөнінде ол бірнеше рет БАҚ-на сұхбат та беріпті.
Сәлімжан Мусин, Қ. Бишімбаевтың адвокаты:
Тоқмәди мырза ауқымды түрдегі бірнеше интервью берген. Оның айтқан позициялары ұлттық бюроның біздің қорғаушымызға таққан айыптарымен өте қатты ұқсас келеді. Мен хронологиясына да назар аудардым. 2016-шы жылдың 12-ші ақпанында оперативті тексеру ісі тіркеліпті. Бұл «Нұр Бәйтеректің» басшыларына қатысты оперативті профилактикалық іс-шара жүргізуге мүмкіндік береді. Яғни біздің қорғаушымыз да осы санатта.
Осылайша түстен кейін жалғасқан сот отырысында мемлекеттік айыптаушылар күдіктілерге тағылған айыпты қаз-қатар тізіп берді. Істің басты фигурантына тағылып отырған айып мынадай.
Сауле Сыдықова, мемлекеттік айыптаушы:
Бишімбаев өзіне артылған сенімді пайдалана отырып, Қызылордада салынып жатқан шыны өңдейтін зауыттың жобасын бақылауға алған. Жобаның маңыздылығын түсінген ол зауыт құрылысына қатысқысы келетін компаниялардың көп екенін түсініп, үкімет тапсырған тапсырмадан бөлек, жеке материалды пайда көрмек болған. Осыдан барып, аса көп мөлшерде пара алған. Қызылордадағы шыны зауытын салу туралы келісім үшін 2 млн доллар пара алған.
Қуандық Бишімбаев, айыпталушы:
Мына оқылған айыптау актісінде менің рөлім қанша екені маған түсініксіз. Талан-таражға салып, жымқырды дегендеріне келіспеймін. Айыптау актісінде мұның бәрі анық жазылмаған. Мұнда айтылған кей сөздерді, кеше айыптау актісін толық оқып шықсам да, көрген жоқпын.
Қуандық Бишімбаев тағылған айыппен келіспейтін позициясын сақтап қалды. Кейбірі өз кінәларын мойындап жатты. Мұны адвокаттар кей айыпталушылардың ауыр жаза арқалаудан қорыққаннан жасауы мүмкін деген жорамалдарын айтты.
Мәди Мырзағараев, Қ.Бишімбаевтың адвокаты:
Әр адам келісім жасау туралы өтінішті өз еркімен жасау керек. Ал бұл жерде, біздің ойымызша, ол өз еркімен емес, амал жоқтан жасалып отырған қадам. Сотталушылар мойындап жатыр. Кей пара бергендер айтады мен осы адамға бердім деп. Соның ішінде бірде біреуі Бишімбаевтың атын атамайды.
Дәуренбек Бақдәулет, тілші:
250
томнан тұратын іс бойынша 23 адам айыпталып отыр. Оның ішіндегі ең басты
фигурант экс-министр Қуандық Бишімбаевқа пара алу, сеніп тапсырылған мүлікті
талан-таражға салу деректерімен кінә артылып отыр. Судья бұл істі қарау оңайға
соқпайтынын айтып, сот проецесі күделікті өткізілетінін ескертті.
Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ