Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Қызылжардағы 300 қоғамдық көліктің тек 6-ы мүгедектерді тасуға қауқарлы

AstanaTV
22.01.2019ж. 20:00
2266
Қызылжардағы 300 қоғамдық көліктің тек 6-ы мүгедектерді тасуға қауқарлы

Қызылжардағы 300 қоғамдық көліктің тек 6-ы мүгедектерді таси алады. Ал, Жолаушыларды тасымалдау компаниялары заманауи автобус құны қымбат дейді. Оны алу үшін жолақысын қайта қарауды сұрап отыр. Аймақтағы әріптесім Абзал Құрманкин мүгедектердің мұңын тыңдап, жолаушыларды тасымалдау компанияларының мәселесіне құлақ түрді.  

Шәміл Рязванов 2016-шы жылы жамбас сүйегін жаралап, мүгедектердің арбасына таңылыпты. 14 жыл бойы аяқ киім жөндеп, нәпақасын тауып келген ол мүмкіндігі шектелген соң, жұмысына да қатынай алмаған. Өйткені, қоғамдық көліктерде кембағал жандарға жағдай жоқ, ал әлеуметтік такси ауруханаға баратын кезде ғана шақырта алатынын жеткізді.  

Шәміл РЯЗВАНОВ, ІІ ТОП МҮГЕДЕГІ: 

Қоғамдық көліктің есігі де, іші де өте тар. Бір жерге барғым келсе, әу баста мүгедектердің таксиіне тапсырыс беремін. Ол тегін қызмет көрсетеді. Бірақ, күнде шақырта бермейсің. Басқа да мүгедектер бар. Ал, жай таксимен жүруге зейнетақымыз жетпейді.

Қалада 300-ге жуық автобус бар. Оның небары алтауы ғана мүгедектерді тасуға ыңғайлы. «Нұр Отан» партиясының облыстағы филиалы жолаушыларды тасымалдау компанияларының басын қосып, тығырықтан шығу жолдарын қарастырды.  

Ілияс САБДИНОВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ СҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Біз қоғамдық көліктерде бақылау жұмыстарын жүргіздік. Көптеген автобустарда мүгедектерге арналған орын жоқ. Өкінішке қарай, жолаушылар тасымалдау компаниялары бұл ағаттықтар үшін жауапкершілікке тартылмайды. Біз тек кеңес берумен ғана шектелеміз.

Петропавлда 2017-2018 жылдары 41 қоғамдық көлік сатып алынса, оның тек 15 пайызы ғана бүкіл талаптарға сәйкес келеді. Жолаушылар тасымалдау қауымдастығы өкілінің айтуынша, қаланы жаппай заманауи көліктермен қамтуға қаражат қолбайлау. Мүгедектерге арналған көліктер, әдеттегі автобустан екі есе қымбат тұратын көрінеді.    

Галина СЕМЕНОВА, «СҚО АВТОКӨЛІК ОДАҒЫ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:  

Біз мүгедектерге арналған автобустарды былтыр 17 миллион теңгеден сатып алдық. Биыл олардың бағасы 21 миллион болған. Ал, қарапайым көліктердің құны шамамен 9,5 миллион теңге. Жергілікті билік өкілдері бізге Қостанайда жасалатын отандық автобустарды ұсынды. Бірақ, оның құны тіпті 30 миллионнан асып жығылады. Бізге қымбат автобустарды алу тиімсіз. Олар өзін-өзі ақтамайды.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Дегенмен, жолаушыларды тасымалдау компаниялары заманауи автобустарды алуға көніп отырған көрінеді. Бірақ, банкротқа ұшырап, бақыр тиынсыз қалмау үшін олар жол жүру ақысын көтеріп, тарифті субсидиялауды сұрайды. Қазір жолақы 80 теңге. Орай келгенде айта кетейік, соңғы жылдары жолаушыларды тасымалдау компаниялары қызмет сапасының нашарлығы үшін сан мәрте халық сынына ұшыраған болатын.

А.Құрманкин