Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматыда ірі тұрғын үй кешендерінің бірі электр энергиясынан ажыратылуы мүмкін

AstanaTV
23.01.2019ж. 20:00
2287
Алматыда ірі тұрғын үй кешендерінің бірі электр энергиясынан ажыратылуы мүмкін

Алматыдағы ірі тұрғын үй кешендерінде электр энергиясына қатысты дау туды. «Алматыэнергосбыт» кәсіпорны кешен тұрғындары 20 млн. теңге қарызды өтемесе, жарықтың кез-келген уақытта сөніп қалатынын ескерткен. Тұрғындар электр қуаты үшін ақыны пәтер иелері кооперативіне төлегендерін айтады. Ендеше қомақты қаражат қайда кетті? Ришат Асқарбекұлы мән-жайды анықтауға тырысты.  

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

«Теңіз Тауэрс» тұрғын үй кешеніндегі электр энергиясының дауы үш жылдан бері қордаланған қарыздан шыққан. Электр таратушы кәсіпорынның дерегінше, берешектің көлемі 20 млн. теңге. Ескертуден шаршаған «Алматыэнергосбыт» компаниясы 17-қаңтарда токты өшіруге мәжбүр болды. Мәселеге жергілікті әкімдік араласып, жарықты қайтадан жақтырған болатын.

Алайда, қарызды төлеуге ешкім асығар емес. Энергетиктер мәселені элиталық санаттағы 6 үйге қызмет көрсететін серіктестік шешсін деп отыр. Мұнда соңғы он жылда «Теңіз Сервис» деп аталатын компания жұмыс жасаған. Ал, тұрғындар пәтерлердегі тұтынған қуат көзі үшін ақыны дер кезінде сол мекемеге төлеп отырғандарын айтады.    

Маргарита КАБАЛАДЗЕ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Егер, бізде электр энергиясы болмаса, су да, тағам дайындайтын қондырғылар да істемейді. Себебі, оның барлығы осы электр қуатымен жұмыс істейді. Менің түсенбейтінім сол, неге уақытында төлем жасап отырған қарапайым тұрғындар жапа шегуі керек? Бұл компанияның кесірінен деп ойлаймын.

Радмир ӨТЕПОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Біз де комуналдық төлемдерді дер кезінде өтеп тұрамыз. Тиісті түбіртектерді көрсетуге дайынмын. Қайдан шыққан миллиондар бұл? Біз таң қалып отырмыз.

Тұрғындар бір жыл бұрынғы пәтер иелері коопертивінің орнына «Т-Тауэрс» деген атпен жаңа басқарушы мекеме құрған. Ал, мұндағылар өзгенің қарызын жабуға жауапты емеспіз деп отыр. Ал, «Алматы энергосбыт» кәсіпорны қордаланып қалған ірі сомманы қалай да төлеуді талап етіп отыр.   

Сәкен АЛДАНАЗАРОВ, «Т-ТАУЭРС» ТҰТЫНУ КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Барлық тұрғындар қолма-қол төлейтін. Ай сайын. Енді ары қарай қайда кетіп жатыр? Сол жақтан сұрау керек. Ол компания қазір тоқтады. Бірақ, біз соның зардабын шегіп келеміз. Бірақ, оны шешудің орнына дайын ПК тұр, осыдан ақша сұрау оңай деп бәрін бізге тіреп отыр. Оны зерттеп жатқан ешкім жоқ. Сотқа, әкімшілікке, прокуратураға арыздандық.

Ольга АНТОНОВА, «АЛМАТЫЭНЕРГОСБЫТ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Тұрғындар қазір электр үшін жеке-жеке төлеп жүр. Олармен 308 есеп шот ашылған. Мәселе жалпы үйге шығындалатын энергия туралы болып отыр. Пәтер иелері кооперативі техникалық электр қуаты үшін, яғни үйдің ауласы, кіреберісі, жертөлесі, лифт сияқты жерлерге кететін энергияның құнын төлемеген. Оған иелік ететін тұрғындардың өздері. Сондықтан, тұрғындар өзара келісіп, бізге қарызды әкелуге міндетті.

Алматы әкімдігінде екі күн бұрын барлық тараптар жиналып, мәселенің шешімін қарастырған. Бірақ, нақты бір келісімге келе алмапты. Тұрғындар прокуратураға арызданып, бұрынғы басқарушы компанияны тексеруді талап еткен. Жалпы Алматы бойынша электр қуаты үшін дебиторлық қарыздардың көлемі 261 млн. теңгеге жеткен.  

Р. Асқарбекұлы