Негізгі / Жаңалықтар / СҚО полицейлері ғаламтордағы есірткі саудасымен күресу үшін IT мамандарды тартпақ

СҚО полицейлері ғаламтордағы есірткі саудасымен күресу үшін IT мамандарды тартпақ

Қызылжарлық полициялер есірткімен күресу үшін білікті IT мамандарды көмекке шақырмақ. Олар синтетикалық есірткінің ғаламтор арқылы таралуын тоқтатпақшы. Тәртіп сақшылары аталған проблема жылдан жылға дендеп бара жатқанына алаңдаулы. 2015 жылы спайс пен тұз аймақ тұрғындарына таңсық болса, былтыр 52 рет тәркіленген. Ал, оны тұтынатын нашақорлардың саны соңғы 3 жылда 4 есе көбейіп, 115 адамға жетіпті. Тіпті, 12 жастағы балалар да қабылдап жүрген көрінеді. Енді полицейлер жастармен тікелей жұмыс істеуді көздеп отыр.  

Жандос БАСЫБАЕВ, СҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЕСІРТКІ БИЗНЕСІНЕ ҚАРСЫ КҮРЕС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Синтетикалық есірткіні көбіне жастар пайдаланады. Сондықтан оларды спортқа немесе өзге үйірмелерге тарту керек. Бағдарламаның аясында арнайы бейнероликтер жасалып, әлеуметтік желілерде жарияланбақ. Сондай-ақ, есірткіге қарсы күрес жұмысына білікті IT мамандары шақыртылады. Олар әлеуметтік желіде есірткіні тарататын тұлғаларды анықтаумен айналысады.

Жақын арада өңірде есірткіні сараптайтын зертхананы ашу да қолға алынбақ. Себебі, жергілікті полицейлер зиянды заттың құрамын анықтау үшін Павлодарлық әріптестердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Сонымен қатар, түрлі ғимараттардың қабырғасындағы есірткі жарнамасын өшірумен айналысатын арнайы топ құруды жоспарлап қойған. Айта кетейік, бір жыл ішінде есірткі саудалап келген 90 сайт жабылыпты.  

А. Құрманкин