Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Астананың 20 жылдығына арналған үздік брендбукке конкурс жарияланды

AstanaTV
07.11.2017ж. 20:00
3029
Астананың 20 жылдығына арналған үздік брендбукке конкурс жарияланды

Елорданың 20 жылдығына арналған үздік брендбукке конкурс жарияланды. Байқауда жеңімпаз атанған жұмыстың авторы 8 млн теңгеге ие болады. Бұл туралы бүгін Астана қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Қаналимов хабарлады. Брендбукті таңдау конкурсы қарашаның 6-сы мен 27-сі аралығында өтеді. Байқауға жеке азаматтармен қатар заңды тұлғалар да қатыса алады. Яғни шығармашылық шеберханалар, жарнама агенттіктері мен фирмалар, суретшілер, сәулетшілер мен авторлық ұжымдар өз туындысын ұсынуға мүмкіндігі бар. Астананың 20 жылдығына арналған "Үздік логотип" байқауына келіп түскен жұмыстарды 15 адамнан тұратын сараптама комиссиясы қарайды. Жобалардың ішінен үздігін таңдау жұмысы 10 желтоқсанда аяқталады деп жоспарланған. 

Ерлан Қаналимов, Астана қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы:

Халықаралық деңгейдегі әр шараның таңбасы, ұраны болады. Ал ел тарихындағы Астананың орны ерекше. 20 жылдық оқиғаның тарихи маңыздылығын ескере отырып, осы оқиғаға арнап брендбукты таңдауға бағытталған конкурс жарияладық.

Мерейтойлық стильдегі таңба қаланы әшекейлеуде қолданылады. Сондай-ақ Астананың 20 жылдығын атап өту барысында ақпараттық, жарнамалық, маркетингтік бағытта пайдаланылады. Әрі бас шаһардың мәдени, туристік және әлеуметтік потенциалын жақсартуға қосар үлесі зор болмақ. Және осы логотип бейнеленген түрлі кәдесыйлар шығарылады. Үздік брендбукті таңдау барынша ашық жүргізіледі, дейді шенеуніктер.

Ерлан Қаналимов, Астана қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы:

Комиссия құрамына қоғамдық институттардың өкілдері, әртүрлі салада еңбек ететін азаматтар енеді. Және де конкурстың отырыстары барынша ашық болады.